Железин ауданында оқушылардың жазғы демалысын барынша жайлы етуге күш салынбақ. Бұл мақсатта жазда балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастырудың арнайы жоспары түзіліп, нақты іс-шаралары айқындалған.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Маржан Алшымбаеваның айтуынша, биыл аудан мектептерінде 1943 оқушы білім алады. Олардың 85-і биыл мектептен түлеп ұшады. 183 оқушы 9-сыныпта оқиды. Аудандық билік жазда 1858 оқушыны жазғы демалыспен, сауықтыру шараларымен қамтымақ.
Қазір 27 мектеп жанынан лагерьлер ашылған. Мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарына 5 млн 82 мың теңге бөлініпті. Сондай-ақ, жоғары сыныптың 497 оқушысы емдік лагерьлерге сауықтырылады. Жазда ойын-сауық, өнер байқаулары да өткізілмек. Мәселен, аудандық мәдениет үйінде өнер мектебі өрендерінің есептік концерті жоспарланған. Оқушылардың дүниетанымын кеңейту мақсатында 150 баланы қамтитын экскурсиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, аудан мектептері облыстық байқауларға қатысады. «Үздік мектеп жанындағы лагерь», «Жасыл желек» сайыстарында бақ сынайды.
Қауіпсіздік мәселелеріне де мән берілмек. Осы бағытта, «Қауіпсіз балалық шақ», «Қауіпсіз су айдыны», «Қауіпсіз терезе», «Қауіпсіз аттракцион» алдын алу акциялары да өткізілуде. Бұл жұмыстар төтенше жағдай қызметі, орталық аурухана, полиция мамандарымен бірлесіп іске асырылуда. 15 мектепте ерікті еңбек жасақтары жұмыс істемек. «Жасыл ел» жасағы аясында 40 оқушы аудан ауылдарында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына атсалысады. 91 оқушы кәсіподақ, шаруа қожалықтары арқылы жұмыспен қамтылады.
Жалпы, жазғы демалысты ұйымдастыруға 10 млн 182 мың теңге бөлінген. Оның
5 млн теңгесі Павлодар облысының қала сыртындағы лагерьлеріне железиндік балалардың тынығуына бағытталады.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Железин ауданы
