Баянауылдағы туризм саласының дамуына үлес қосып, демалушыларға сапалы қызмет ұсынып жүрген бірқатар кәсіпкер «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Аудан әкімінің қолынан медаль таққандардың қатарында «Сабындыкөл Плаза», «Березовая Роща» демалыс үйлері мен «Pegas» жанармай құю бекетінің басшылары, сондай-ақ басқа да туристік ахуалды жақсартуға атсалысып жүрген жандар бар екенін атап өткен жөн. Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша жол сервисін дамытуда «Pegas» жанармай құю бекетінің басшысы Ардақ Сыздықов үлкен жұмыс атқарып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Ал «Сабындыкөл Плаза» демалыс үйінің басшысы Арслан Омаров 2023–2026 жылдар аралығында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырған. Нәтижесінде, осы кезеңде 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл жұмыстар ауданның туристік инфрақұрылымын дамытуға және келушілерге қолайлы жағдай жасауға зор мүмкіндік беруде, дейді мамандар. Сонымен қатар, «Березовая Роща» демалыс үйінің директоры Рыза Бейсембаева да туризм саласын дамыту бағытында жемісті еңбек етуде.
Н.ШОДЫР.
БАЯНАУЫЛ АУДАНЫ
