Павлодар ауданында биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолдауымен Розовка және Набережное елді мекендерінде жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылмақ.
Бұдан бөлек, Заңғар ауылдық округінде өрт сөндіру бекетінің ашылуына дайындық басталған. Келесі жылы Заря мен Черноярка ауылдарының өрт сөндіру бекеттері жаңғыртылады деп жоспарланған. Бұл туралы аудан әкімі Дидар Ибраев Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім етті. Ол ауданның өрт сөндіру бекеттерінде өртке қауіпті кезеңдегі дайындығын тексеріп шықты. Жалпы, ауданда Черноярка, Чернорецк, Луганск, Шақат, Кеңес, Заря, Кемеңгер ауылдық округтерінде және Ольгинка ауылында барлығы 8 «Ауыл құтқарушысы» бекеттері жұмыс істейді.
Төтенше жағдай органдары мен орман шаруашылығы арасындағы өзара іс-қимыл шеңберінде ауданға үш автоцистерна жеткізіледі деп күтілуде. Бұл техникалар аудан бекеттеріне беріледі. Аудан басшылығы материалдық-техникалық жабдықтауды одан әрі нығайтуды көздеп отыр. Яғни, ғимараттарды жаңғырту, құтқарушылардың санитарлық-гигиеналық жағдайларын жақсарту, заманауи радиожабдықтармен және қажетті құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Г.МАҒЖАН.
ПАВЛОДАР АУДАНЫ
