Жаңа жобалар – ел игілігіне!

Мам 7, 2026

Биыл Баянауыл ауданында бірқатар маңызды инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Бұл бастамалар өңірдің инфра-құрылымын дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен, алдағы уақытта ауданда қандай жұмыстар атқарылады деп жоспарлануда?

Баянауыл аудандық ішкі саясат бөлімінің ақпараты бойынша ағымдағы жылы елді мекендерді абаттандыруға басымдық берілген. Соның дәлеліндей, жақында Үшқұлын және Жүсіпбек Аймауытов ауылдарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек. Бұл бағыттағы жұмыстар осы айда басталатын болады. Облыстық бюджеттен Үшқұлын ауылына 47 млн 972 мың теңге, ал Жүсіпбек Аймауытов ауылында жарықтандыру желілерін салу жобасына 147 млн 208 мың теңге қарастырылған. Ауыл көшелерін жарықтандыру арқылы қауіпсіздікті күшейтіп, тұрғындардың кешкі уақытта емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жасалмақ. Бұл жұмыстар сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қоғамдық тәртіптің нығаюына оң әсерін тигізеді, дейді мамандар.

Жаңатілек ауылында балалар алаңын салу жоспарланған. Осы мақсатқа облыс қазынасынан 30 млн 400 мың теңге бөлінген. Ал Ақсан ауылында балалар алаңымен қатар, стритбол алаңы салынбақ. Ол үшін 32 млн 400 мың теңге қарастырылған.

Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Атап айтқанда, электр желілерін жаңғырту, жаңа әуе желілерін тарту және қосалқы станциялар орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта конкурс рәсімдері жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстар үшін аймақ қазынасынан қажетті қаражат бөлінгенін айта кеткен жөн.

Қуантарлығы, ағымдағы жылы ауданда білім беру саласына қатысты екі үлкен жоба жүзеге аспақ. Атап айтқанда, Майқайың кентінде заманауи өнер мектебі салынады деп жоспарланған. Қазіргі таңда аталмыш ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек, Баянауыл ауданының орталығында жаңа балабақша бой көтеріп, бүлдіршіндерге есігін айқара ашпақ. Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша аталған жобалар инвесторлар есебінен іске асырылып, құрылыс аяқталғаннан кейін ғана білім беру бөлімі арқылы сатып алынады деп жоспарлануда.

Міне, ауданда қолға алынып жатқан осынау жаңа жобалардың игілігін көп кешікпей елді мекен тұрғындары көретін болады.

Нұржайна ШОДЫР.