Жылу маусымына дайындық қаралды

Там 20, 2026

Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жай-күйін тексерді. Әсіресе, балабақша, мектеп, мәдениет үйі сынды мекемелердің жылыту маусымына дайындығына ерекше мән берді.

Әнуарбек Дүйсембайұлы Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдық округке жұмыс сапары барысында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралады. Құркөл ауылында С.Дөнентаев атындағы орта мектепке, мәдениет үйіне және медициналық пунктке барды. М.Омаров атындағы ауылда дәрігерлік амбулаторияның, өрт сөндіру пунктінің, Жамбыл атындағы орта мектептің және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Еңбек ауылында орта мектепті аралап, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысын байқады. Бұл ретте шаһар басшысы жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударып, жылыту жүйелерінің дайындығын тексерді.

Сонымен қатар, қала әкімі Евгеньевка ауылдық округіне барып, елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың жағдайын көрді. Сольветка, Евгеньевка және Үштерек ауылдарындағы мектептер, балабақша, мәдениет орны мен фельдшерлік-акушерлік пункт жұмысына назар аударды. Евгеньевкада өрт сөндіру бекетінің құрылысын қарап, шаруа қожалықтарының басшыларымен ауылды және агросаланы дамыту мәселелерін талқылады. Мұнда да негізгі назар әлеуметтік нысандардың жаңа оқу жылына және алдағы жылу беру маусымына дайындығына аударылды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ. 

Ақсу қаласы