Кәсіпке қолдау көбейді

Қыр 17, 2026

Май ауданы Көктөбе ауылында мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жаңа кәсіп түрлері дамып келеді. Соның бірі – ауыл тұрғындарына, ерлерге, әйелдерге және балаларға қызмет көрсететін Гүлнұр Насуқанның шаштараз салоны.

Гүлнұр 2024 жылы отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. 2009 жылы шаштараз мамандығын меңгеріп, осы салада 12 жыл еңбек еткен ол елге келген соң кәсібін жалғастыруды ұйғарды. Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың көмегімен салонға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, жұмысын бастады. Бүгінде шаштараздың ашылғанына бір жылға жуық уақыт болды. Кәсіпкер ауыл тұрғындарына қолайлы болу үшін қызмет бағасын қолжетімді деңгейде ұстап отыр. Сондай-ақ, 60 жастан асқан мүгедектігі бар 4 азаматқа ай сайын тегін қызмет көрсетеді. Көпбалалы аналарға да жеңілдіктер қарастырылған. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, қызмет түрлерін арттыруды жоспарлап отыр.

Жалпы, Май ауданында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 8 кәсіпкерге қайтарымсыз грант беріліп, өз ісін бастауына мүмкіндік жасалды. Қаражат сұлулық салоны, автокөлік және телефон жөндеу, наубайхана, сондай-ақ мал шаруашылығы секілді түрлі бағытқа бөлінген.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Май ауданы