«Адал еңбек пен талпыныстың қайтарымы болады». Тереңкөл ауданының Байқоныс ауылының тұрғыны Динара Шадиметова осындай ұстанымда. Медбике мамандығын меңгерген ол бүгінде декреттік демалыста. Бұл кезеңде де ол қол қусырып отырмақ емес.
Ол күйеуі Тұрсынмамад Хасановпен бірге былтыр Шымкент қаласынан аймағымызға қоныс аударған. Бес баланың анасы ұрпағының болашағы үшін жайлы мекенде кәсібін дөңгелетіп, ертеңгі күніне еңбек етуде. Солтүстіктің алты ай қысын көрген ол алғашында қиын сияқты болғанымен, үйреніп кеткендерін айтады. Қыстың қамын жаз ойлап, отын-суын, азық-түлігін сайлап алса, еш уайымсыз қыстан шығуға болатынын түсінген.
– Байқоныс ауылына тұрақтадық. Мемлекет тарапынан баспана берілді. Жартылай өзіміз, жартылай мемлекет көмегімен үйімізді алдық. Екі үлкен баламыз Шымкентте студент. Одан кейінгі баламыз 8-сыныпқа көшті. Тағы бір баламыз балабақша жасында. Кенжеміз Павлодар қаласында өткен жылы дүниеге келді. Көшіп келген соң «Мансап» орталығы, әкімдіктегілер табыс табу, еңбекке араласудың мемлекеттік бағдарламаларын таныстырып, мүмкіндіктерін түсіндірді. Сондай қолдаулардың бірі – қайтарымсыз грант, – дейді Динара.
Яғни, ол арнайы бизнеске бастайтын курс оқып, жоспарын түзеді. Сиыр алып, ақ тағам түрлерін жасап сатуды мақсат етеді. Сөйтіп, мемлекеттен қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алады.
– Негізі, күйеуімнің мал шаруа-шылығына икемі бар. Оған қоса, Байқоныста, жалпы, Павлодар облы-сында мал өсіруге жағдай барын көріп отырмыз. Оңтүстікте жер табу қиын. Ал мында мүмкіндік бар. Мемлекеттен берілген грантқа үш сауын сиыр және сепаратор аппаратын сатып алдық. Бұл грантқа сатып алған сиырдан бөлек, өзіміздің өсіріп отырған қара малымыз аз емес. Қазіргі мақсатымыз – мал шаруашылығын дамытып, табыс көзіне айналдыру, – дейді іскер жан.
Еңбекқор отбасы ертеңі үшін аянып қалмайтындарын айтады. Жалпы, тырысып, талпынған адамға табыс көзі табылатынына да сенімді.
– Біздің ізімізбен тағы бірнеше отбасы ауылымызға көшіп келді. Баспаналы болып жатыр. Меніңше, «оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасының берері мол. Тек жалқаулыққа салынбай, тіршілік жасауға талпыну керек. Жұмыс істейтін адам үшін жағдай жасалуда, – деген пікірде кейіпкеріміз.
Байқонысты құтты қонысқа балап отырған отбасы алдағы уақытта әлі де шаруашылықты кеңейтуге ниетті.
– Қара малмен бірге биыл тағы қой бағуды да көздеп отырмыз. Әзірше, малдың жем-шөбін сатып алудамыз. Шабындық жерге өтінім де беріп қойдық. Келесі жылы жер телімі үлестірілсе, шөпті де өзіміз шауып алмақпыз. Ол үшін техника сатып аламыз. Малмен қатар қаз да өсіріп жатырмыз. Сиыр сүтінен май, құрт жасап, отбасымыздың қамы үшін, балаларымызды табиғи өніммен қамту үшін әрекет етудеміз, – дейді байқоныстық тұрғын.
Тереңкөл аудандық «Мансап» орталығының мәліметінше, өткен жылы 17 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант берілген. Биыл 8 грант бойынша шешім шығарылған. Басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға ниет еткен.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
