Мемлекет қолдауды жалғастырады…

Қыр 17, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Өткен аптада Павлодар облысына Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен келді. Министр облыс басшысы Асайын Байхановпен бірге өңіріміздегі бірқатар шаруашылықтарды аралап, күзгі егін жинау науқанымен танысып, өндірілетін өнімдердің сапасын бағалап қайтты.

Ең алдымен министр көкөніс өсіретін шаруалардың жұмысынан хабардар болды. Өңіріміздегі алдыңғы қатарлы өнім өндіретін қожалықтардың бірі — «Родник» шаруа қожалығы. 1998 жылы құрылған қожалық бүгінде ішкі нарықта ірі көлемді сапалы өнімімен танымал. Павлодар ауданы Черноярка округінде орналасқан шаруашылықтың 242 гектар суармалы егістігі бар. Мұның ішіне картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша, пияз және 20 гектар пар алқабы кіреді.

Шаруашылық иесі Геннадий Андрейцев басшылықтан өңірімізде де сәбіз тұқымдарына деген субсидиялау бағдарламаларының енгізілуін сұрады.

— Мен көкөніс тұқымдары мәселесін бұған дейін де көтерген едім. Әсіресе сәбіз тұқымының құны шаруалар үшін айтарлықтай шығын болып отыр. Сәбіздің «Голландия» сортының бір гектар жерге қажетті тұқымның өзі шамамен 860 мың теңгеге түседі. Сондықтан сәбіз тұқымын субсидиялау немесе оны өзімізде өндіру мәселесін қарастыру қажет деп есептеймін, — деді ол.

Қазіргі таңда шаруашылықта орта есеппен гектарына 500-550 центнер шамасында өнім алуда. Өнімнің жоғары немесе төмен болуы ауа райы мен температураға және нақты шаруашылық жағдайына тікелей байланысты. Дегенмен тұқым құнының жоғарылығы көкөніс өндірушілер үшін әлі де өзекті мәселе болып отырғанын жеткізді. Министр мұндай ұсыныстарды қарастыратынын айтты.

«Родник» шаруа қожалығы «Кең дала-2» мемлекеттік бағдар-ламасы арқылы 39,9 миллион теңге көлемінде несие алған. Шаруашылықта 9 тракторы және 21 суармалы жабдық бар.

Павлодар ауданындағы «Andas Agro» ЖШС егін шаруашылығымен қатар мал өсіруді де қолға алған. Бүгінде балаларының басқаруымен өрге басып келе жатқан кәсіптің жайы туралы Зейнолла Сәлменбаев тарқатып берді.

— Шаруашылықта 4 мың гектардай суармалы жер бар. Алдағы уақытта жер көлемін де ұлғайтпақ ойымызда бар. Негізінен картоп, сүрлемелі жүгері, жоңышқа, сәбіз өсіріледі. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шаруашылықтың тынысы кеңейген. Себебі, мемлекеттік «Солтүстік Қазастан облысының тәжірибесін тарату» және «Аграрлық несие корпорациясы» бағдарламалары арқылы жалпы көлемі 3,6 млрд теңге несие алдық. Қазіргі таңда мал көлеміне байланысты салынған сүт фермасы 50 пайызға өз жұмысын бастап кеткен, — деді ол.

Облыс әкімі Асайын Байханов «Andas Agro» ЖШС-нің жұмысын-дағы ерекше кезеңді еске алды.

— 2023 жылдан бастап бұл шаруалар салқындатқышы бар көкөніс қоймаларын сала бастады. Біздің өңірімізде бұл бағыт бойынша алғашқылардың бірі болып мың тоннадан асатын өнім сақтайтын қоймаларды салған. Қазірде қожалықта жалпы көлемі 60 мың тонна желдету жабдықтары орнатылған, — деді ол.

Жұмыс сапары одан соң Успен ауданы Қызылағаш ауылындағы «Болаттар» ЖШС-нде жалғасын тапты. Бұл қожалық 2015 жылдан бастап жұмыс істейді.

— Осы жылы 250 гектар жерге картоп егілген. Егістікке тамшылатып суару технологиясын толығымен енгіздік. Тамшылатып суару жүйесін орнату шығындарының 80 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен өтелді. Бұған қоса, техника сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, фосфор және калий тыңайтқыштарына берілетін субсидияларды да пайдаландық. Нәтижесінде картоптың өнімділігі гектарына 45-50 тоннаға дейін жетіп, жалпы шамамен 3300 тонна өнім жиналды. Шаруаларға осындай мүмкіндіктер туғызған мемлекет басшына алғыс айтамын,  — деді «Болаттар» ЖШС иесі Қуанышбек Нұрмұқан.

Іссапар барысында Успен ауданындағы «Галицкое» серік-тестігінің жұмысы да ерекше көзге түсті. Толық өндірістік циклді қалыптастырған «Галицкое» серіктестігінде мал азығын өндіру, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және дайын өнім шығару бағыттары қатар дамып келеді. Қазіргі таңда шаруашылықта 4,7 мыңнан астам ірі қара бар. Оның 2 120-сы — үш тауарлы сүт фермасында. Өндірілген шикі сүт «Павлодар Молоко» зауытында қайта өңделіп, сапалы өнім «Галицкое» сауда белгісімен нарыққа шығарылады.

— Биыл кәсіпорын 37,5 мың гектар жерге егін екті. Өндірісті кеңейту үшін жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – 459 гектар жерді суармалы алқапқа айналдырып, жылына 18,1 мың тоннаға дейін сүрлемдік жүгері өндіру. Екіншісі – сыйым-дылығы 7,5 мың тонналық картоп пен көкөніс қоймасын салу, — деді қожалық басшысы Александр Касицин.

Министр шаруашылықтың өндірісті автоматтандыру мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмысын атап өтіп, мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты нақты нәтиже болуы керектігін айтты.

— Бүгінде мемлекет агроөнер-кәсіптік кешенге бұрын-соңды болмаған деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Биыл саланы қолдауға 1 трлн теңге қарастырылған. Бұл ретте бөлінген қаражатты тиімді игере отырып, салаға нақты  нәтиже әкелуін қамтамасыз ету керек.  Яғни өндіріс көлемін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын ұлғайту қажет, – деді министр.

Жұмыс сапары кезінде министр «Егімбай» шаруа қожалығының еңбегі де бағаланды. Қожалық басшысы Сейтенәлі Абзалов биыл «Кең дала» бағдарламасы арқылы 75 млн теңге, ал лизинг тетігі арқылы 450 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алғанын айтты.

– Егер тек өз қаражатыңа ғана сүйенсең, қиын болар еді. Өйткені, өнім — алдын ала болжанбайтын дүние, – деді фермер.

Айдарбек Сапаров шаруа-шылықтың мемлекеттік қолдау мен агротехнологияларды тиімді пайдалануының маңызын атап өтті. Биылғы күрделі ауа райына қарамастан, суару жүйесін, гербицидтерді, техниканы және несие ресурстарын уақытылы пайдалану өнімділікті сақтауға мүмкіндік берген.

– Сіздер барлық мүмкіндікті уақытында пайдаландыңыздар. Енді еңбектеріңіздің жемісін көріп отырсыздар. Мемлекет фермерлерді қолдауды жалғас-тырады. Шаруашылықтарды одан
әрі дамыту қажет. Барлық мемлекетте мұндай қолдау жоқ –
бес пайыздық мөлшерлемемен несие беру — үлкен мүмкіндік. Биыл жыл күрделі болды, жазда +35, +40 градус ыстық болды. Соған қарамастан, еңбектің және агротехнологияларды сақтаудың нәтижесінде жақсы өнім алынды, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Жалпы, облыста егін жинау науқаны жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 595,8 мың гектардан жиналып, өңірдегі жалпы егіс алқабының 75,5 пайызын құрады. Сонымен қатар 429,7 мың тонна картоп, 125,1 мың тонна көкөніс және 51 мың тонна бақша дақылы жиналды.

Министр шаруаларға көрсе-тілетін мемлекеттік қолдаудың өндірісті дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға бағыт-талуы тиіс екенін атап өтті.

Сара ӘБДОЛ.