Қызыққа толы демалыс

Қыр 10, 2026

Аудандағы жазғы демалыс кезеңі балалар үшін қызықты ұйымдас-тырылды.  Мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлерде оқушылар үшін спорттық, шығармашылық, танымдық және профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, жазғы лагерьдегі маңызды бағыттың бірі қазақ тілін дамыту және насихаттау болды. Ауданның 7 мектебінде киіз үй лагерьлері жұмыс істеп, онда ұлттық ойындар, шығармашылық сабақтар, викториналар ұйымдастырылды.

Құқықтық тәрбие мен құқықбұзушы-лықтың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінді. Мектептерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізілді.

Тамыз айы да мазмұнды өтті. Ауданның 30-дан астам оқушысы Баянауылдағы «Жас Дәурен» және Бурабайдағы «Звездный» сауықтыру лагерьлерінде демалу мүмкіндігіне ие болды. Бұл ретте 20 оқушы Бурабайдағы «Звездный» лагеріне жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен барды.  Жомарт жандар балаларға жолдама алып беріп, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға өз үлестерін қосты. Лагерьлерде балалар спорттық, шығармашылық, мәдени-танымдық және командалық іс-шараларға қатысып, жаңа әсерлер алып, пайдалы дағдыларын жетілдірді.

Жаз мезгілін көңілді өткізген оқушылар жаңа оқу жылында қабілеттерін одан әрі шыңдауға  асығуда. Ауданда 1260-тан астам бала өз қызығушылығына сай үйірмелер мен секцияларға қатысады. Бұл ретте спорт, өнер, музыка, би, робототехника, тіл үйрену бағыттары бар. Балалар шығармашылығы орталығында
13 спорттық секция мен 8 үйірме жұмыс істейді. Ал балалар өнер мектебінде 740 бала білім алады. Ауыл оқушылары үшін ауданда 13 филиал жұмыс істейді.

Атап өтерлігі, өткен оқу жылында Балалар өнер мектебі облыстық байқауда Гран-при, ал Балалар шығармашылығы орталығы үшінші орынды иеленді. Талантты жеткіншіктер жаңа оқу жылында да жаңа мүмкіндіктерді бағындыруды қалайды. Алдағы оқу жылында олар жаңа мәдениет үйіндегі үйірмелерге де қатысуды жоспарлап отыр.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.