Ақтоғай ауданында биылғы егін жинау науқаны мен мал азығын дайындау жұмыстары қарқын алған. Дала төсіндегі қызу тіршілікпен қатар, ауыл шаруашылығы саласының негізгі көрсеткіштері де тұрақты өсімнің бар екенін аңғартады. Жыл басынан бергі 7 айда аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8 миллиард теңгеге жетіп, өндіріс көлемі 108 пайызды құрады.
Биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 86,8 мың гектарға ұлғайды. Бұл — өткен жылғы көрсеткіштің 106,4 пайызы. Оның 41,67 мың гектарына дәнді дақылдар орналастырылған. Атап айтқанда, 26,2 мың гектарға бидай, 10,14 мың гектарға арпа, 2,18 мың гектарға қарақұмық, 800 гектарға тары, 880 гектарға жүгері себілді. Майлы дақылдардың көлемі де айтарлықтай артқан. Биыл бұл бағытқа 36,311 мың гектар бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 44 пайыз өсімге қол жеткізілді. Оның негізгі бөлігін 24,27 мың гектар күнбағыс пен 10,7 мың гектар зығыр алқабы құрайды. Бұдан бөлек, 6 мың гектарға малазықтық дақылдар, 2,6 мың гектарға картоп, 168 гектарға көкөніс егілген. Егін орағы басталғалы дәнді дақылдардың 15,7 мың гектары жиналды. Орташа өнімділік гектарына 4,5 центнерден айналып отыр. Ал картоптың 1,3 мың гектары қазылып, орташа өнімділік 352 центнерді құрады.
Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жылқыбаевтың сөзінше, жаппай жиын-терім кезеңіне 96 астық жинайтын комбайн жұмылдырылған. Оның 44-і тікелей комбайндау әдісімен жұмыс істесе, 22-сі ораммен шабу, 16-сы бума жинау жұмыстарын атқаруда. Тағы 14 комбайн тіркемелі дестеде еңбек етуде.
— Жиналған өнімді қабылдау, кептіру және тазалау ісіне де тиісті жағдай жасалған. Ауданда 7 дән қабылдау пункті, 7 дән кептіргіш және 8 тазалау машинасы жұмысқа дайын. Сыйымдылығы 44,1 мың тонна болатын қоймалар мен көкөніс қоймалары электрлендіріліп, тазартылып, дезинфекциядан өткізілген. Асфальт алаңдарының да дайындығы 100 пайызға жеткізілді. Майлы дақылдар бойынша да межелі көрсеткіш жоғары. Алдын ала болжам бойынша, олардың орташа өнімділігі гектарына 5,6 центнер болып, жалпы түсім 20,2 мың тоннаны құрауы ықтимал, — деді бөлім басшысы.
Даладағы егін орағымен қатар, төрт түліктің қысқы азығын әзірлеу жұмыстары да толастаған жоқ. 2026–2027 жылдардағы қысқы мал азығын дайындау барысында аудан шаруашылықтары орта есеппен 49,4 мың шартты мал басын қыстатуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты қорада бағу кезеңіне 114 мың тонна мал азығы қажет. Қазіргі таңда жоспарланған 118 мың тонна пішеннің 103,5 пайызы дайындалған. Сондай-ақ, 19 мың тонна сабан, 7 мың тонна пішендеме және 40 мың тонна сүрлем әзірлеу көзделген. Бұған өткен жылдардан сақталған 19,5 мың тонна пішеннің ауыспалы қорын қоссақ, шаруалардың қыс қамына жауапкершілікпен кіріскені байқалады. Науқанға 404 техника мен 1069 жұмысшы жұмылдырылған. Аудандағы шабындық және жайылымдық алқаптардың жалпы көлемі 142,8 мың гек-тарды құрайды. Мұндағы орташа өнімділік — гектарына 4,6 центнер шамасында.
Ал жайылмалық және лимандық алқаптардың өнімділігі әлдеқайда жоғары. Көлемі 25,6 мың гектарды құрайтын бұл жерлерде гектар түсімі 19–25 центнерге дейін жетеді.
Бүгінде 97,9 мың гектар алқап шабылып, 84,71 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл жоспардың 71,7 пайызы орындалғанын көрсетеді. Дайындалған азықтың 39,7 мың тоннасы жайылма және лиман алқаптарынан алынған. Мұндағы орташа өнімділік гектарына 24,8 центнерді құрады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің науқанды уақытылы әрі сапалы өткізуіне мемлекеттік қолдаудың да ықпалы зор. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында аудан шаруашылықтарына 2,75 млрд теңге көлемінде кредит тартылған. Бұл қаржыны 12 шаруашылық пайдаланған. Қазіргі таңда шаруалардың кредиттік міндеттемелерін өтеуіне байланысты тәуекелдер жоқ.
Көктемгі егіс және мал азығын дайындау жұмыстарына 1 775 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ал күзгі егіс жұмыстарына қосымша 2 034 тонна дизель отыны қарастырылған. Операторлық қызметтерді қоса есептегенде, арзандатылған отынның бағасы тоннасына 321 мың теңге немесе литріне 269 теңгені құрайды.
Егіс жұмыстарының агротехнологиялық талаптарға сай жүргізілуі үшін минералды тыңайтқышпен қамтамасыз етуге де баса мән берілген. 2026 жылға ауданның минералды тыңайтқыштарға қажеттілігі шамамен 10 мың тонна деп белгіленсе, 20 тамыздағы мәлімет бойынша оның 6,7 мың тоннасы, яғни 67 пайызы сатып алынған.
Техникалық база да жаңарып келеді. Есепті кезеңде жалпы құны 244 млн теңгені құрайтын 24 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның ішінде 13 трактор, 6 фронталды тиегіш және 5 ауыл шаруашылығы жабдығы бар.
Науқан барысы — ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан күнделікті бақылауда.
Айдана БОРАНБАЕВА.

