Облыстағы соңғы апаттық мектеп – Павлодар ауданына қарасты Сычевка ауылындағы білім мекемесінің орнына жаңа оқу орны салынды. Таяуда заманауи  білім ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Мектеп барлық керекті құрал-жабдықтармен жасақталған. Сөйтіп, биыл облыстағы үш бірдей апаттық мектептен арылып, оқушылардың игілігіне заманауи ғимараттар салынды.

Сычевка ауылындағы бұрынғы мектеп ғимараты осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған еді. 1975 жылы қабырғасы қаланған бірқабатты оқу орнында спорт және мәжіліс залы, асханасы болған жоқ. Жылдар өте келе есік-терезелері әбден тозып, қабырғасы сөгіліп, апаттық жағдайда деп танылды. Мұнда білім алу ауыл балалары үшін мұң еді.

Абырой болғанда, биыл инвесторлардың қолдауы нәтижесінде заманауи мектеп салуға мүмкіндік туды. Аз уақыт аралығында 120 балаға лайықталған, соңғы үлгідегі құралдармен қамтылған білім ордасы бой көтерді. Оның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов, инвесторлар, ауыл тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы оқушыларға жақсы білім алып, зор жетістіктер мен табыстарға жетуге тілектестік білдірді.

— Мемлекет басшысы «Еліміздің дамуы жас ұрпаққа байланысты» деп атап өткен болатын. Біз оқу орындарының инфрақұрылымын жаңартуға көп көңіл бөлудеміз. Сычевка ауылындағы мектеп — аймағымыздағы апатты жағдай-дағы ескі ғимараттардың орнына салынған үшінші мектеп. Біз осы жылы да басқа елді мекендерде мектептер мен балабақшалар салуды жалғастырамыз. Бұл біздің балаларымыз үшін ауылда жайлы жағдай жасаудың тағы бір қадамы болмақ, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Бұл ретте облыс әкімі ERG тобының акционерлеріне алғысын білдірді. Себебі жаңа мектептің құрылысы ERG мен Павлодар облысының әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында қолға алынған еді. Жобаға салынған инвестиция 1,08 млрд теңгені құрады. Екіқабатты ғимараттың ауданы 1498 шаршы метрді алып жатыр. Мұнда заманауи жабдық-
тармен қатар, STEM-зертхана, IT, робототехника және 3D-модельдеу сыныптары бар. Сондай-ақ, Led-дисплейі бар мәжіліс, спорт залы, асхана және кітапхана қарастырылған. Цифрлық микроскоптар мен виртуалды-цифрлық зертхана сатып алынды. Сондай-ақ, мектепте «Еркетай» шағын орталығы мен мектепке дейінгі білім беру орталығы ашылды.

— Кейде «Аз ғана бала білім алатын ауылда қомақты қаржыға осындай мектеп салудың қажеті бар ма?» деген сауалдың туындайтынын байқаймын. Қажеті бар! Себебі оқушылардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары. Қазір мұнда 75 бала оқиды. Елді мекеннің облыс орталы-ғына жақын орналасқанын ескерсек, шәкіреттердің саны көбейе түседі деген үміттемін, — деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, былтыр облыста 54 білім беру мекемесі жаңғыр-тудан өткен еді. Биыл 30-дан астам мектеп жөнделеді.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.