Үш күннен кейін жазғы лагерь өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Тоғыз ай бойы тынымсыз білім алған шәкірттер бұл сәтті тағатсыздана күтуде. Сонымен, олардың демалысы қалай ұйымдастырылмақ? Лагерь бағасы қанша тұрады? Демалыс орындарындағы санитарлық жағдай мен қауіпсіздік ережелері талапқа сай ма? Осы және өзге де сұрақтарға бұрнағы күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сала мамандары жауап берді.

Лагерь құны қанша?

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, осы жазда 109 мыңнан астам оқушы, яғни 1-10-сынып аралығындағы павлодарлық шәкірттердің 98,5 пайызы демалыспен және сауықтыру, жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілмек. Олар үшін 304 мектеп жанындағы лагерь, 467 бейіндік лагерь мен жасақтар жұмыс істейді. Аталған басқарма басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, мектеп жанындағы лагерьлердің құны 1 күн үшін орта есеппен 944 теңгені құрайды. Ал ауысымдық лагерьлерде 15 күн демалу бағасы 35 мың теңге тұрады. Сондай-ақ, әлеуметтік осал санатқа жататын отбасыларының ұл-қыздары үшін лагерьлерде 50 пайыздық жеңілдік жасалса, балалар үйінің тәрбиеленушілері тегін демалатын болады.

Атап өтерлігі, ағымдағы жылы бейіндік лагерьлер желісі мен қызметінің бағыттары ұлғаймақ. Осы мақсатта бірқатар ауданда киіз үй лагерьлері ұйымдастырылып, этноауылдар құрылмақ. Бұдан бөлек, ІТ мектеп, мобильді робототехника бағыттары бойынша да бейіндік лагерь ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, әйгілі жерлесіміз, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына орай оқушылар үшін Баянауылда арнайы экспедициялық жасақтар слетін өткізу жоспарланған.

Жаз айларында шәкірттерге көңілді демалыс сыйлаумен қатар, оларды жұмыспен қамту мәселесіне де мән берілмек.

— Демалыс кезінде оқушылардың жазғы еңбек жасақтары мен кәсіпорындарда жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Ең алдымен халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан шыққан балаларды және түрлі жағдайға байланысты есепте тұрған жасөспірімдерді жұмыспен қамтуға басымдық беріледі. Еңбек еткісі келетін оқушыларға жұмыс бар. Мәселен, өңірімізге қарасты қалалар мен аудандардың аумақтарын абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі жасақтарға бюджет қаражаты есебінен 2469 жоғары сынып оқушысын тарту жоспарлануда. Ал бюджеттен тыс қаражат есебінен жоғары сыныпта оқитын 6306 бала уақытша жұмысқа қабылданатын болады, — деді Роза Ақанова. Бұл ретте, өңірдегі ірі шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің де барынша қолдау көрсететінін атап өткен жөн.

Қауіпсіздікке кім жауапты?

Құқық қорғау саласы өкілдерінің айтуынша, жаз айларында лагерьлердегі балалардың қауіпсіздігі басты назарда болмақ.

— Демалыс кезеңінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Балаларды сауықтыру орталықтары мен лагерьлердің барлығында учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, сыртқа қыдыруға шығатын лагерь балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар отыратын автокөліктерді баратын жеріне дейін жол-патрульдік полициясы шығарып салып отыратын болады. Рейдтік іс-шаралар жиі өткізіледі. Сондай-ақ, полиция департаментінің мамандары түрлі тақырып бойынша жеткіншектерге түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп тұрады, — дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы ювеналды полицияның аға инспекторы Бибігүл Қамзина.

Тағы бір мәселе – лагерьлерде өрт қауіпсіздігінің сақталуын үнемі бақылауда ұстау. Осыған орай облыстық төтенше жағдай департаментінің өрт бақылау басқармасының өкілдері жұмыс істеуде. Өкінішке қарай, ереже бұзушылық әрекеттері тіркелгені анықталған.

— Павлодар облысының аумағында 12 жазғы сауықтыру лагері бар. 2024 жылдың 1-жартыжылдығында өрт қауіпсіздігін тексеру үшін 2 профилактикалық бақылау шарасы жоспарланған. Алайда 10 лагерьде жаңа реттеу саясатына байланысты тексерістер жоспарланған жоқ. Осы 10 лагерьдің 8-інде өтініш бойынша өрт қауіпсіздігіне тексерулер жүргізіліп, 79 бұзушылық анықталды және 89 адамға нұсқау берілді. Атап айтар болсақ, автоматты өрт дабылының жұмыс істемеуі, сымдар мен кабельдердің өзектерін қосуда қателіктердің кетуі, эвакуациялау жолдарында жанғыш материалдарды қолдануға жол берілу сынды бұзушылықтар орын алған. Жалпы, департамент жыл сайын білім беру басқармасымен бірлесіп, жазғы кезеңде балалардың жарақаттануы мен қайғылы жағдайға тап болуының алдын алуға бағытталған жұмыстарды үздіксіз жүргізеді. Жеткіншектермен тұрақты түрде сабақтар өтіп, қауіпсіздік шаралары туралы мультфильмдер көрсетіледі. Сондай-ақ, түрлі конкурс- тар, эстафеталар мен спорттық ойындар ұйымдастыру арқылы да балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз, — дейді облыстық төтенше жағдай департаментінің өрт бақылау басқармасының бастығы Оразбек Уәлиханов. Оның айтуынша, жазда жағажайлардағы балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін де бірқатар жұмыстар қолға алынуда екен.

— Бүгінгі таңда өңірдегі өзен-көлдердің қауіпті деген аймақтарына «шомылуға тыйым салынды!» деген 177 ескерту белгісі орнатылды. Жалпы, департамент жыл сайын құтқарушы-жасақшыларды оқыту және су айдынының түбін тексеру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Осы бағыттағы шаралар жалғасуда. Өскелең ұрпаққа жүзу дағдыларын үйрету мақсатында облыс мектептерінің базасында жазғы және қысқы кезеңдерде балаларға арналған жүзу сабақтары ұйымдастырылады, — деді басқарма басшысы. Бұдан бөлек, аталмыш департамент мамандары өрт туындаған жағдайда адамдарды ғимараттардан қауіпсіз эвакуация-лау бойынша жаттығулар, «Қауіпсіз демалыс» тақырыбында интерактивті сабақтар, көпшілік орындарда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға арналған іс-шараларды үздіксіз өткізуде.

Тазалық талапқа сай ма?

Балалар денсаулығы үшін лагерьлердің санитарлық жағдайының талапқа сай болуы маңызды. Осы мақсатта Павлодар облысында 2024 жылдың жазғы кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары әзірленген. Соның аясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қалалар мен аудандардағы балаларды сауықтыру ұйымдары және білім бөлімдерінің басшыларының басын қосып, балаларды сауықтыру мекемелеріне рұқсат құжаттарын беру тәртібі мен оларға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар туралы оқыту семинарларын ұйымдастырған. Сондай-ақ, департамент өкілдері білім беру басқармасымен бірлесіп, лагерьлердің дайындығына мониторинг жүргізген.

— Бүгінгі күні санитарлық- эпидемиологиялық қорытындылар бірнеше лагерьде бар екенін атап өткен жөн. Олардың қатарында Павлодар ауданындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы, Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығы және өзге де лагерьлер бар. Ал қалған демалыс орындарында түрлі жөндеу және дайындық жұмыстары жалғасуда. Мәселен, инженерлік желілерді реттеу, желдету және ауаны баптау жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру, ауыз- судың сапасын зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау, аумақты тазалау, абаттандыру, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізу сынды жұмыстар қолға алынуда. Лагерьлердің сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана берілетін болады, — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Ақылбекова. Оның айтуынша, қауіпсіздікті бақылау мақсатында департамент зертханалық бақылау жүргізу үшін барлық маусымдық лагерь аумақтарының ойын және спорт алаңдарынан 42 құм сынамасын алған. Сонымен қатар, зертханалық зерттеулер үшін Баянауыл ауданының «Қарлығаш» және «Жас дәурен» лагерьлерінің, Май ауданының «Ақжелкен» лагерінің жағажайларындағы ашық су айдындарынан 37 су сынамасы алынған. Нәтижесінде, сәйкессіздіктер анықталмаған.

                             Түйін:

Осылайша, осы жазда облыс оқушыларының 98,5 пайызы жазғы лагерьмен, сауықтыру шараларымен және жұмыспен қамтылмақ. Ең бастысы, олардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінбек. Білім беру басқармасы мамандарының сөзінше, барлық лагерьде санитарлық нормалар да қатаң сақталмақ. Бір сөзбен айтқанда, ата-аналардың алаңдауына еш негіз жоқ. Солай боларына біз де тілекшіміз!

Нұржайна ШОДЫР.