Павлодарлық шәкірттер білім көрсеткіші жағынан республика көлемінде көш басында келеді. Жыл сайын білім додаларына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген жас таланттардың қатары артуда. Тек осы оқу жылында облыс құрама командасы халықаралық, республикалық зияткерлік олимпиадалардан 260 медаль еншілеген.

Нұржайна ШОДЫР

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Азамат Шаймұраттың айтуынша, павлодарлық оқушылар IchO, ІО сынды әлемдік деңгейдегі олимпиадалардан жүлделі оралып, ел намысын абыроймен қорғауда.

— Облыс оқушылары, әсіресе, математика, химия пәндері бойынша өткен халықаралық, республикалық білім сындарында биіктен көрінуде. Солардың қатарында Павлодар қаласындағы №8 лицей-мектебінің оқушылары Ринат Елеусізов пен Владимир Роговскийді ерекше мақтанышпен атап өтуге болады. Бұл балаларды жақында, яғни 27 қазанда Астанаға шақыртып, ҚР Оқу-ағарту министрі марапаттады. Екеуі де қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды. Осындай талантты балалардың қабілет-қарымын ерте анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында біздің орталықта көп жұмыс атқарылуда. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында осы мекеменің ұйытқы болуымен 24 түрлі облыстық іс-шара өткізіліп, оған 7828 оқушы қатысты. Жалпы саны 45117 оқушыны құрайтын 9 халықаралық және республикалық зияткерлік конкурс, 74 халықаралық, республикалық және облыстық зияткерлік жарыстар, оның ішінде 41 олимпиада және ғылыми жобалар конкурсы өтті. Дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту мақсатында 52945 оқушыны қамтитын 2 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Бұл облыстағы барлық оқушының жалпы санының 54,9 пайыздан астамын құрайды, — деді Азамат Шаймұрат. Оның айтуынша, тек осы жылы облыс оқушылары 21 халықаралық, 239 республикалық олимпиадаларға қатысып, 68 алтын, 74 күміс, 118 қола медальға ие болған. Баспасөз мәслихатына келген №8 лицей-мектебінің дарынды шәкірттері Ринат Елеусізов, Владимир Роговский және олардың ұстаздары да сөз алып, жеткен жетістіктерінің сырымен бөлісті.

— Жақсы нәтижеге жету үшін үздіксіз еңбектену керек. Уақытты бағалай білгеніміз жөн. Ниет болса, барлығына үлгеруге болады. Мәселен, мен күнделікті сабақтан кейін 2-3 сағат олимпиадаға дайындаламын. Одан кейін сабағымды оқимын. Еңбегімнің еш кетпегеніне қуанамын, — дейді №8 лицей-мектебінің оқушысы Ринат Елеусізов. Ал аталмыш білім ордасының дарынды шәкірті Владимир Роговский жайлы айтқан ұстазы Лилия Стадникова:

— Владимир — өте қабілетті, білімді бала. Көптеген халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, лицейіміздің абыройын асқақтатып жүр. Оқуда да озат. Ағылшын тілін өте жақсы меңгерген. Қысқасы, жан-жақты деп айтуға болады. Оны өзгелерге үлгі тұтамыз, — дейді. «Ертіс дарыны» оқу-әдістемелік орталығының басшысы аймағымызда осы балалардың ізін қуып келе жатқан жас таланттар көп екенін, оларды дамытуға барлық мүмкіндік жасалатынын атап өтті.