Ақсу қаласындағы Балалар шығармашылығы үйінің базасында 17 жыл бойы төрт аула клубы жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жазғы демалыс кезеңінде мұндағы педагогтар арнайы бағдарлама жасап, балғындардың көңілді демалуы үшін барын салады.

Алғашқы жылдары әр клуб үшін жеке бағдарлама жасалатын. Оларды «Біздің ауланың балалары» атты ортақ тақырып біріктіріп, «Балалық шақ планетасы» жобасы аясында жұмыс істейтін. Кейін аула клубтары бірлесіп еңбек ете бастады. Әр жылы белгілі бір тақырып пен бірдей түс таңдалып, сол бойынша клубтың дизайны мен киімдері дайындалады. Ал биыл ұйымдастырушылар «Татулық алақанда» бағдарламасын таңдап алып, сол бойынша аула клубтары өз жұмысын сәтті жалғастыруда.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында үйірменің педагог-ұйымдастырушылары балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу, қолайлы жағдай жасау, оларға мейірімділік, сүйіспеншілік, достық сынды асыл қасиеттерді насихаттау, Қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасына құрметпен қарау, салауатты өмір салтын ұстануға баулу сынды міндеттерді қойды. Бағдарлама 6-18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Оны жүзеге асыру аясында барлық жастағы топтардың жеке ерекшеліктері ескеріледі.

Жалпы, балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру орталықтары түрлі ойындар, квесттер, фестивальдар мен жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырған. Әсіресе, ашық аспан аясындағы таза ауада демалуға көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бағдарламада экскурсиялар, қаланың мұражайлары мен тарихи орындарына бару шарасы қарастырылған. Бұл жобаның ойдағыдай жүзеге асуына қалалық тарихи-өлкетану мұражайы, қалалық орталық кітапхана, балалар емханасы, Балалар экологиялық техно-орталығы және 10 қалалық өрт сөндіру бөлімі қолдау көрсетуде.

Әр жаз сайын жүзеге асатын бұл бағдарлама ең алдымен балалардың денсаулығын нығайтуға басымдық береді. Сондай-ақ, клубтағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды жақсарту, балалар мен жасөспірімдер арасындағы келеңсіз әлеуметтік құбылыстардың өсу қарқынын төмендету, толеранттылықты дамыту, өзге де қоғамдық маңызы бар іс-әрекеттердің дағдыларын меңгеруді мақсат еттік. Сол арқылы жас ұрпақты ізгілік пен әділеттілікке баулып, патриоттық және азаматтық көзқарасын кеңейту көзделуде.

Сәуле ӘДІЛБАЕВА, Балалар шығармашылығы үйінің басшысы, Ақсу қаласы.