Қазақстан энергетикасының флагманы – Еуразиялық Топтың құрамына кіретін «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы 55 жылдық мерейтойын атап өтті.

Энергетиктерді мерейлі күндерімен облыс әкімі Асайын Байханов құттықтап, олардың өңіріміз үшін маңызды міндет атқарып жатқандарын атап өтті.   Ақсу станциясы — Қазақстанның энергетика нарығындағы электр энергиясын ірі көлемде жеткізушілердің бірі. Ол еліміздегі электр энергиясының бестен бір бөлігін өндіреді. 1968 жылы 17 желтоқсанда Ермак МАЭС-тың бірінші блогы іске қосылды. Бүгінде бұл — Қазақстанның, Батыс Сібірдің, Алтай өлкесінің солтүстік және шығыс энергожүйелерін байланыстыратын тірек торабы.

— Сіздер сияқты кәсіби мамандардың арқасында облысымыз Қазақстанның индустриалды жүрегіне айналды. Құрамына сіздердің кәсіпорындарыңыз кіретін Еуразиялық Топ әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытып, павлодарлықтар үшін игі істер жасауда, — деп атап өтті өңір басшысы. Кәсіпорынның үздік қызметкерлері облысқа сіңірген еңбегі үшін белгілерімен, ERG төсбелгілерімен, «Құрметті энергетик» атағымен марапатталды. Станцияның 15 қызметкеріне пәтер сертификаттары табысталды. Салтанатты шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.