Кейбір суретшілер табиғатты бейнелейді, енді бірі адам бейнесін сомдайды. Ал Нағымбек Нұрмұхаммедов — тұтас бір дәуірдің тынысын кенепке көшірген қылқалам шебері. Оның туған жерге деген сүйіспеншілігі мен уақыт шындығын бедерлеген шығармалары бүгінде облыстық көркемсурет музейінде көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Нағымбек Нұрмұхаммедов – қазақ кескіндеме өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған бірегей тұлға. Ол қылқалам шебері ғана емес, ұлттық өнердің тарихын терең зерттеген өнертанушы, көптеген ғылыми еңбектің авторы әрі қоғам өміріне белсене араласқан азамат ретінде де кеңінен танылды. Оның шығармалары туған жердің табиғатын, еңбек адамын, уақыт тынысын және ұлт рухын көркем тілмен сөйлетеді.
Бүгінде облыстық көркемсурет музейінің қорында суретшінің 34 туындысы сақталған. Осы құнды коллекцияның негізінде ұйымдастырылған көрме автордың әр кезеңдегі шығармашылық ізденістерін, дүниетанымы мен көркемдік эволюциясын жан-жақты таныстырады.
Экспозиция суретшінің алғашқы туындыларынан бастау алады. «Сенеждік пейзаж» (1954), «Тау өзені» (1955), «Ескі Теміртау» (1959), «Магниткадағы қыс» (1960), «Аязды таң» (1960), «Құрылысшы» (1961) секілді картиналардан жас суретшінің табиғатқа деген нәзік сезімі, кеңістік пен түсті меңгерудегі шеберлігі, сондай-ақ жаңа қоғамның тынысын бейнелеуге деген ұмтылысы анық аңғарылады.
Нағымбек Нұрмұхаммедовтің шығармашылығында ерекше орын алатын тақырыптардың бірі – Қазақстан Магниткасы. Өнертанушы Ирина Рыбакованың естеліктерінде айтылғандай, Теміртауға жасаған сапар суретшіге ұмытылмас әсер қалдырған. Кең дала төсінде бой көтерген алып металлургиялық кешен оның шығармашылық шабытын оятып, ондаған этюд пен эскиздің дүниеге келуіне себеп болды. Сол әсерден кейін «Қазақстан Магниткасында» атты көлемді топтамаға ұласты. Музей қорындағы «Ескі Теміртау», «Магниткадағы қыс», «Аязды таң» және «Құрылысшы» туындылары өндіріс пен табиғаттың үйлесімін, еңбек адамының қажыр-қайратын ерекше лирикалық өрнекпен жеткізеді.
Көрмеде тың игеру кезеңіне арналған жұмыстар да кеңінен ұсынылған. «Тракторист Алергуштың портреті», «Тың игерушілердің таңы», «Шопандардың әңгімесі» еңбектері мен «Н.Моисеевтің портреті», «Л.Кругловтың портреті», «Х.Арыстанбаевтың портреті» сынды шығармалар сол дәуірдің тынысын, ел өміріндегі маңызды кезеңдерді бейнелейді.
Суретшінің саяхаттардан туған шығармалары көрерменді Мәскеу маңынан Гурзуф жағалауына, Алатау бөктерінен Тибетке дейін жетелейді. «Сенеждік пейзаж», «Тау өзені», «Гурзуф. Сауырағаштар», «Буксирмен баржа» және «Тибеттік лама» картиналары табиғаттың сұлулығын ғана емес, автордың әлемге деген кең көзқарасын, әр өлкенің өзіндік бояуы мен рухын сезіне білгенін көрсетеді.
Нағымбек Нұрмұхаммедов портрет жанрында да биік белеске көтерілді. Оның қылқаламынан туған қоғам қайраткерлері, өнер иелері мен қарапайым еңбек адамдарының бейнелері өміршеңдігімен ерекшеленеді. Музей қорында 1 ранг капитаны Г.Бартаевтың, ҚазКСР Халық әртісі Қалибек Жандарбековтің, суретші Александр Степановтың және қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың портреттері сақталған.
Көрменің шоқтығы биік туындыларының бірі – «Жамалдың портреті». Бұрымды қазақ қызының келбетін бейнелеген бұл шығарма ұлттық сұлулықтың, нәзіктік пен парасаттың көркем бейнесіне айналған. Ал «Замандасымның портреті» адамның ішкі жан дүниесін ашудағы суретшінің терең психолог екенін аңғартады.
Экспозициядағы көлемді әрі мазмұндық жағынан ерекше шығарма – «ҚазКСР Ғылым академиясы сессиясының кеңейтілген отырысы» картинасы. Ауқымды полотнода өз дәуірінің белгілі ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері, оның ішінде Дінмұхаммед Қонаев бейнеленген. Ескі кескіндеме дәстүріне сүйенген автор картинаның төменгі бұрышында өзін де тарихи сәттің үнсіз шежірешісі ретінде бейнелеген. Бұл – суретшінің уақытқа қалдырған көркем қолтаңбасы.
Аталмыш көрме жаз айларының соңына дейін жұмыс істейді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
