«Жалғыз гүл», «Мені күт», «Кейіпкер» секілді әндер бүгінде жастардың сүйіп тыңдайтын туындыларының қатарына енген. Бұл әндерді көпшілік жас әнші Ернар Амандықтың орындауында жақсы білсе, олардың сөзі мен әуенінің авторы да өзі екенін екінің бірі біле бермейді. Әншілікпен қатар Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актерлік қызмет атқарып жүрген өнер иесі бүгінде екі саланы қатар алып келеді. Өнердегі ізденісі, шығармашылық ұстанымы, сынға көзқарасы және алдағы жоспарлары жайында өнер иесінің өзімен әңгімелескен едік.
– Ернар, өнер жолына келуіңізге не себеп болды? Бұл таңдауыңызға отбасыңыздың ықпалы болды ма?
– Әрине, алдымен отбасымның ықпалы ерекше болды. Бірі әнші әрі актер болса, екіншісі – ақын. Сондықтан өнерге деген махаббат бала кезден бойыма сіңді деп айта аламын. Үйде үнемі шығармашылық орта қалыптасатын. Ән де айтылатын, өлең де оқылатын. Осындай ортада өскен соң, өзімді басқа мамандықта елестете алмадым.
Бала күнімнен сахнаға шығып, көрерменнің ықыласына бөленуді армандадым. Кейін бұл арман нақты мақсатқа айналды. Ата-анам әрқашан қолдау көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сол қолдаудың арқасында Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде актер мамандығын меңгеріп, кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білімімді жалғастырдым. Сол уақыттан бері театрда еңбек етіп, шығармашылық жолымды жалғастырып келемін.
– Өнер адамы үшін сын – қалыпты құбылыс. Әлеуметтік желідегі пікірлер сізге қалай әсер етеді?
– Бастапқы кезде кез келген пікірді көңіліме жақын қабылдайтынмын. Ән шығарып, киноға түсіп жүрген кезде әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлерге алаңдап, өзімді көп ойлайтынмын. Кейін уақыт өте келе шығармашылық жолында сынның міндетті түрде болатынын түсіндім. Қазір керісінше, мұндай пікірлер маған күш (мотивация) береді. Мәселен, жуырда жарық көрген «Жарығым» әнімнің мәтініне қатысты көп талқылау болды. Әндегі «Алатау ұшынан» деген тіркеске байланысты түрлі пікір айтылды. Әрине, бір сәт «басқаша жазу керек пе еді?» деген ой келді. Бірақ кейін бұл менің шығармашылық көзқарасым екенін түсіндім. Әр автордың өзіндік қолтаңбасы болады. Сондықтан ондай пікірлерді құрметпен қабылдаймын, бірақ шығармашылық еркіндігімнен бас тартпаймын.
Ал театрдағы алғашқы жылдары кәсіби сын біз үшін үлкен мектеп болды. Тәжірибелі әріптестеріміздің әрбір ескертуінен сабақ алдық. Сол сынның арқасында шыңдалдық деп ойлаймын.
– Кей жастар өнерге танымал болу үшін келеді. Ал сіздің мақсатыңыз қандай еді?
– Шынымды айтсам, жас кезімде танымал болуды армандадым. Бұл көп жастың арманы шығар. 2016 жылы өнер оқу орнына түскенде де сондай мақсат болды. Бірақ уақыт өте келе атақтың өздігінен келмейтінін түсіндім. Оның артында үлкен еңбек, үздіксіз ізденіс пен жауапкершілік тұрады.
Бастапқыда өзімді тек театр актері ретінде көретінмін. Әншілікпен айналысамын деген ой болмады. Кейін ішкі сезім, шығармашылыққа деген қажеттілік ән жазуға жетеледі. Қазір тыңдарманға ұсынатын әр әнімді жүректен шығарып жазуға тырысамын. Қалған бағасын халықтың өзі береді.
– Болашақта сомдағыңыз келетін рөл бар ма?
– Көпшілік мені әндеріме қарап үнемі мұңайып жүретін адам ретінде елестететін сияқты. Бірақ өмірде мен көңілді, ашық-жарқын адаммын. Сондықтан дәл сондай мінезді, көрерменге қуаныш сыйлайтын образдарды сомдағым келеді.
Шетелдік кинолардан Крис Такердің орындаған рөлдері ерекше ұнайды. Оның еркіндігі, әзілге жақындығы, энергиясы маған жақын. Ал қазақ әдебиетінен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Ерболдың бейнесін сахнада немесе кинода сомдау – үлкен арманым. Жалпы, адамның ішкі жан дүниесін терең ашатын кейіпкерлерді ойнағым келеді.
– Әндеріңізді тыңдарман жақын қабылдайды. Ән қалай дүниеге келеді? Шабытты қайдан аласыз?
– Мен ешқашан «бүгін міндетті түрде ән жазуым керек» деп отырмаймын. Шабыттың өз уақыты болады. Ол күтпеген сәтте келеді. Сол кезде ойыма келген әуен мен сөзді бірден жазып алуға тырысамын.
Қазіргі репертуарымдағы әндердің көпшілігі өмірден алынған. Көшеде көрген қарапайым көрініс, екі жастың қарым-қатынасы, ауа райы, оқыған кітап, көрген спектакль немесе кино – бәрі шабыт сыйлауы мүмкін. Кейде ән 10-15 минуттың ішінде жазылып кетеді. Ал кейде бір шумақты бірнеше ай, тіпті бір жыл бойы аяқтай алмайтын кездер болады. Сондықтан шығармашылықтың басты қозғаушы күші – шабыт.
– Театр мен әншілік – екі түрлі бағыт. Осы екеуін қатар алып жүру қиын емес пе?
– Әрине, оңай емес. Театрдың өз тәртібі, өз жауапкершілігі бар. Репетиция, спектакль, гастрольдер болады. Ал әншілік те үздіксіз еңбекті талап етеді. Дегенмен, бұл екі сала бір-бірін толықтырады деп ойлаймын. Театрда алған тәжірибем әндерімді сезіммен орындауға көмектессе, музыка актерлік шеберлігімді де байыта түседі. Сондықтан екеуінің де маған берері көп.
– Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
– Қазірде жаңа әндер жазылып жатыр. Сонымен қатар, театрдағы жаңа қойылымдарға дайындық үстіндеміз. Болашақта кино саласында да жақсы жобаларға қатысып, өзімді жаңа қырымнан көрсеткім келеді. Бастысы – тыңдарман мен көрерменнің сенімін ақтайтын сапалы дүниелер ұсыну.
– Газет оқырмандарына айтар тілегіңіз…
– Алдымен, шығармашылығыма қолдау білдіріп жүрген барша көрермен мен тыңдарманға алғысымды білдіремін. Халықтың ықыласы – біз үшін үлкен марапат. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, бақ-береке тілеймін. Қандай арман-мақсаттарыңыз болса да, соған жетуден ешқашан шаршамаңыздар. Еңбек пен табандылық адамды әрдайым биікке жетелейді. Қазақ өнерін қолдап, ұлттық мәдениетімізді бірге дамытайық. Ал мен өз тарапымнан сіздерді әлі де жақсы әндермен, жаңа рөлдермен қуантуға барымды саламын.
– Әңгімеңізге рақмет! Өнеріңіз өрлей берсін!
Айдана БОРАНБАЕВА.
