Баянауыл тағы бір мәрте ән мен думанның ордасына айналды. Сабындыкөл жағасында алғаш рет ұйымдастырылған «Баянауыл Fest» музыкалық шарасы мыңдаған көрерменнің басын қосып, ерекше мәдени кеш сыйлады. Жаздың жайма-шуақ кешінде көл жағасына жиналған тұрғындар мен қонақтар әсем ән тыңдап қана қоймай, Баянауылдың қайталанбас табиғаты аясында ұмытылмас әсерге бөленді.
Мерекелік бағдарламаның шымылдығы жергілікті және елордалық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түрілді. Сахна төрінде «Беу, жігіттер», «Думан», «Рух» топтары, сондай-ақ Аспанбек Шұғатай, Бауырбек Бектеміров, Құралай Мейрамбек пен Жібек Айтбаева өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық нақыштағы және заманауи әндер фестивальдің шырайын кіргізіп, жергілікті өнерпаздардың шығармашылығына көпшілік зор қолдау білдірді.
Фестивальдің шарықтау шегі қазақстан эстрадасы танымал жұлдыздарының концерті болды. Қуандық Рахым, Жұбаныш Жексенұлы, Нұрболат Абдуллин, Kalifarniya және «KeshYOU» тобы сахнаға шығып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мыңдаған көрермен сүйікті әндерін орындаушылармен бірге қосыла шырқап, ашық аспан астындағы концерттің ерекше көңіл-күйін сезінді. Әрбір өнерпаздың сахнаға шығуы ұзақ қошеметпен жалғасып, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Bayanauyl Fest түнгі аспанды сан алуан түске бөлеген әсерлі отшашумен қорытындыланды. Көл айдынына шағылысқан отшашудың жарқын көрінісі кештің көркін арттырып, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл мәдени жоба Баянауылдың жазғы маусымындағы айтулы оқиғалардың біріне айналып, алдағы уақытта дәстүрлі фестиваль ретінде жалғасын табады деген сенім ұялатты.
Табиғаттың тылсым сұлулығы мен әсем әуен астасқан мерекелік кеш Баянауылдың тек табиғи байлығымен емес, мәдени әлеуетімен де ерекшеленетін өңір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сабындыкөл жағасына жиналған жұртшылық көтеріңкі көңіл-күймен тарқасып, фестивальден алған әсерлерімен бөлісті.
Айжан СЕЙІТОВА, Астана қала-сының тұрғыны:
– Баянауылға алғаш рет келіп тұрмын. Табиғатының сұлулығына тәнті болдым. Жасыбай мен Сабындыкөлдің айналасы мен ауасы тап-таза. Осындай табиғат аясында өткен музыкалық кештің әсері тіпті бөлек екен. Танымал әншілердің өнерін тамашалап қана қоймай, өңірдің мәдениетімен де жақынырақ таныс-
тық.
Ержан АҚЫЛБЕКОВ, Қарағанды қаласының тұрғыны:
– Жыл сайын отбасымызбен Баянауылға демалуға келеміз. Биылғы демалысымыз «Баянауыл Fest»-пен тұспа-тұс келіп, ерекше есте қалды. Табиғат аясындағы концерттің атмосферасы мүлде бөлек. Мұндай мәдени шаралар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, демалушылардың қызығушылығын оятады. Келесі жылы да осындай шаралар өтсе, міндетті түрде келеміз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
