Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдени мұрасы – ән мен күй, жыр мен терме, дәстүрлі орындаушылық өнер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сол рухани қазынаны бүгінгі күнге аман жеткізіп, заманауи талаппен ұштастырып жүрген шығармашылық ұжымдардың орны айрықша. Осы тұрғыда Май ауданындағы «Май әуендері» фольклорлық ансамблі ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жетекші өнер ордаларының бірі ретінде танылып отыр.
Аталған ансамбль 2004 жылы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылды. Ұжымның негізін қалаушы – ҚР Мәдениет қайраткері, әнші-сазгер, халық арасында кеңінен танымал «Ақ сәулем» әнінің авторы Амангелді Ыдырысов. Өнерге деген шынайы жанашырлығы мен кәсіби біліктілігінің нәтижесінде ол ансамбльдің шығармашылық бағытын айқындап, мазмұны терең, ұлттық болмысты айқын көрсететін сапалы репертуар қалыптастырды. Ұлт өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаның еңбегі бүгінге дейін ұжым қызметінің темірқазығы болып келеді.
Бүгінде ансамбль құрамында 22 жастан жоғары әртүрлі буын өкілдері өнер көрсетеді. Ұжым мүшелерінің басым бөлігі – мәдениет саласында еңбек етіп жүрген тәжірибелі, білікті мамандар. Ансамбль репертуарында қазақтың халық әндері, терме-толғаулар, күй өнері, заманауи халықтық бағыттағы шығармалар, сондай-ақ жергілікті сазгерлердің авторлық туындылары кеңінен қамтылған. Бұл өз кезегінде ұжымның ұлттық сипатын сақтай отырып, қазіргі көрермен талғамына сай өнер көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Әрбір орындаушының өзіндік үні, дара орындау мәнері бар. Бұл ерекшелік ансамбльге көркемдік әр беріп қана қоймай, сахнада тұтас бір үйлесімділікті қалыптастырады. Ұжымның орындауындағы әр шығарма көрерменге рухани әсер сыйлап, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыра түседі.
Ансамбль жетістіктері де аз емес. 2016 жылы «Май әуендері» фольклорлық ансамбліне «Халықтық» атағы беріліп, бұл мәртебе 2019 жылы қайта расталды. Сол жылы Павлодар қаласында өткен «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» атты облыстық жобада ансамбль бас жүлдені жеңіп алып, өңір мақтанышына айналды.
Қазіргі таңда ансамбльді мәдениет саласының майталманы, білікті маман Дулат Мұхамедияров басқарады. Ол жетекшілік еткен кезеңде ұжымның шығармашылық тынысы кеңейіп, жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Тың идеялар мен заманауи көзқарастың арқасында ансамбль репертуары жыл сайын жаңарып, сахналық мәдениет пен орындаушылық деңгей жаңа белеске көтерілуде.
– Фольклорлық өнер – ұлттың жаны, рухани тамыры. «Май әуендері» ансамблінің басты мақсаты – ата-бабамыздан қалған асыл мұраны бұрмаламай, оның табиғи болмысын сақтай отырып, бүгінгі көрерменге лайықты деңгейде ұсыну. Әрбір ән мен күйдің, терме мен толғаудың астарында терең тарих пен тағылым жатыр. Біз соны сезініп орындауға, көрерменге жеткізе білуге ерекше мән береміз. Алдағы уақытта да репертуарымызды жаңартып, орындаушылық шеберлікті арттыруға, сахналық мәдениет пен ұлттық киім үлгісіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ансамбль мүшелерінің ынтасы жоғары, шығармашылық ізденісі мол. Ұжымға сенім артамын және алдағы уақытта да ұлттық өнерді дамыту жолында аянбай еңбек етеміз, – дейді ансамбль жетекшісі, мәдениет саласының майталманы Дулат Мұхамедияров.
«Май әуендері» ансамблі аудандық және облыстық мәдени шаралардың бел ортасынан табылып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі есептік концерттерге қатысып, түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен және марапаттармен бағаланып келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
