Қала күні қарсаңында Павлодардың көрікті орындарының бірі – Ертіс жағалауы тарих пен заманауи өнерді тоғыстырған жаңа мәдени туындымен толықпақ. Көпшілік демалатын кеңістікте өңірдің өткені мен бүгінін сабақтастыратын авторлық мозаикалық панно бой көтеріп жатыр. «Ertis Creative» шығармашылық жобасы аясында жүзеге асып жатқан бұл бастама талантты павлодарлықтардың тың идеяларын қолдауға, қоғамдық кеңістіктердің көркін арттыруға және шаһардың мәдени-рухани келбетін жаңа мазмұнмен байытуға бағытталған.
Жобаның авторы – павлодарлық суретші, мозаика өнерінің шебері Татьяна Калкамбаева. Суретшінің бұған дейін жүзеге асырған мозаикалық жұмысы тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып, қаланың сәулеттік келбетіне өзіндік реңк берген болатын. Биыл суретші жаңа жобасы арқылы Павлодардың өткені мен бүгінін сабақтастыратын мазмұнды туынды ұсынуды мақсат еткен.
Автордың айтуынша, композицияның негізгі идеясы – өңірдің ғасырлар бойғы тарихымен біте қайнасқан Ертіс өзені. Ал мозаикалық панноны қала күніне дейін аяқтау жоспарланған.
– Ертіс – біздің өлкеміздің жүрегі. Осы өзеннің бойында сан ғасырлық тарих қалыптасып, елді мекендер өсіп-өркендеді, мәдениет пен дәстүр сабақтастығы жалғасын тапты. Панно арқылы туған өлкеміздің өткені мен бүгінін, болашағын байланыстыратын ортақ құндылықтарды көрсеткім келді, – дейді Т.Калкамбаева.
Композицияда ерекше орын алатын шаңырақ бейнесі – бірлік пен ынтымақтың, ұрпақтар сабақтастығының және ортақ үйдің берекесінің белгісі. Осы арқылы автор өңір тұрғындарының тамыры бір, тағдыры ортақ екенін көркем тілмен жеткізуді көздеген.
Мозаикалық паннода тарихи-археологиялық мұралар да көрініс табады. Соның ішінде қазіргі Павлодар қаласының аумағынан археологтар тапқан Қимақ қағанаты дәуіріне тиесілі арба бөлшегі бейнеленеді. Бұл бөлік өлкенің терең тарихын, ежелгі өркениеттердің ізін және Ертіс бойының көне мәдениет ошақтарының бірі болғанын айшықтай түседі.
Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, «Ertis Creative» жобасы қала күніне арналған мерекелік іс-шаралардың маңызды бөлігі болмақ. Бастама заманауи қалалық мәдениетті дамытуға, шығармашыл жастар мен суретшілерге қолдау көрсетуге, сондай-ақ өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
