Жаңа жылда көпшіліктің басты тілегі уақыт оздырмай баспана алу болған шығар, сірә. Себебі бүгінгі таңда жеке пәтерінің кілтін қолына алар сәтті тағатсыздана күткендер көп. Әсіресе, жас отбасылар жалдамалы баспаналарды шыр айналудан шаршағаны рас. Олардың негізгі түйткілін тарқату үшін биыл мемлекет мен жергілікті билік тарапынан жаңа тұрғын үй бағдарламалары қолға алынбақ. Оларға кімдер қатыса алады? Талаптары қандай? Тарқатып көрейік.

Кімге тиімді, кімге тиімсіз?

Жалпы, елімізде соңғы жылдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға баса мән берілетінін атап өткен жөн. Облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданындағы біраз баспана «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы үлестірілді. Ол пәтер кезегінде тұрған көпшілікке тиімді. Пайыздық мөлшерлемесі 2, 5 пайыздан  ары аспайды. Бастапқы жарна да – небары 10 пайыз. Сондай-ақ, несиені 20 жылға дейін ресімдеуге болады. Мұндай мемлекеттік бағдар-ламалар екінші деңгейлі банктер ұсынатын өнімдерден әлдеқайда қолайлы. Салыстырмалы түрде қарасақ, банктер ипотеканы кем дегенде 17 пайыздық мөлшерлемемен береді. Бұл ретте бастапқы жарна кемінде 20 пайыз болуы тиіс. Яғни, 20 млн теңге тұратын пәтер иесі атануды қаласаңыз, алдымен 4 млн теңгеңіз қалтаңызда болуы керек. Бәрінің бірдей бұған мүмкіндігі жоқ. Сондықтан пәтер жалдап, амалдауға тура келеді. Бұл ретте «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасынан да айтарлықтай қайыр болмады. Жас отбасылардың көбі осы бағдарламаға иек артқанымен, біздің өңірде оның шарттарына сай келетін тұрғын үйлер табылмады. Талапқа сәйкес, жаңадан салынған, бұрын мүлде иесі болмаған, бағасы 15 млн теңгеден аспайтын пәтерді ғана аталмыш бағдарлама арқылы ипотекаға ресімдеуге болатын-ды. Алайда облыс орталығындағы жаңа үйлердің бағасы одан екі-үш есе қымбат. Бұған дейін «Сарыарқа» шағын ауданында «7-20-25» бағдарламасы арқылы берілуі тиіс көпқабатты баспана да «Шаңырақ» арқылы үй алушыларға үлестіріліп кетті. Сөйтіп, тұрғын үй кезегінде тұрмаған азаматтар жеңілдетілген шарттармен баспаналы болу мүмкіндігінен қағылды.

— Шыны керек, бүгінгі таңда біз сияқты жас отбасыларға баспана алу – оңай шаруа емес. Нарықтағы пәтерлердің бағасы ай сайын құбылып тұруы – бір бөлек, банктердің қояр талаптары да тым жоғары. Екі бөлмелі пәтер алуды армандап жүрміз. Бірнеше банкке мәселемізді айта барып, есептер жүргізіп едік, төлемді қалтамыз көтермейтінін анық аңғардық. Алдымен 4-5 млн теңге көлемінде жарна салуымыз керек екен. Оны пәтер жалдап жүрген жастарға жинау қиын. Мұндай соманы ата-ана, туыс-туғанның көмегімен жинаған күннің өзінде ай сайын банкке орташа есеппен 250 мың теңге төлеуіміз тиіс. Алатын айлығым – 230 мың теңге. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген талап-
тардың игілігін көрейік десек, оған да қатыса алмаймыз. Олардың барлығы тұрғын үй кезегінде тұрған, аз қамтылған, көпбалалы немесе жалғызбасты отбасыларға арналған екен. Біз сияқты жас шаңырақтарға мүлде тиімді жағдайлар жоқ. Сондықтан бөтен біреудің пәтерін паналап, жалдап тұруға мәжбүрміз, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айбат Айтжанов.

Жаңа бағдарлама жарылқай ма?

Осындай отбасылардың базынасы ескеріліп, биыл «9-20-25» деп аталатын жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Бұл бағдарлама негізінен жастарға арналмақ. Оның пайыздық  мөлшерлемесі 9 пайыз болады. Бастапқы жарна – 20 пайыз. Қарызды 25 жылға дейін ресімдеу мүмкіндігі қарастырылады. Аталған ипотека арқылы шамамен 8 мың отбасы баспанамен қамтылады.

—  Жаңа ипотеканы жүзеге асыру үшін жыл сайын 150 миллиард теңге қаражат керек. Бағдарламаны іске қосуға нарықтан 100 миллиард теңге, «Отбасы банктің» таза табысынан 50 миллиард теңге бөлуіміз қажет болып отыр. 9 пайыздық мөлшерлемеге шығу үшін осылай қаржыландырудың екі көзін қарастыруға тиіспіз, — деді Үкімет Басшысы Әлихан Смайылов. Ал «Отбасы банк» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова бағдарламаның жас отбасыларға бағытталатынын ерекше атап өтті.

— Жас отбасыларға арналған бағдарламаны әзірлегеніміз дұрыс деп санаймыз. Өздеріңізге мәлім, бізде көпбалалы,  толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар, жетім балалар, 1-2 топ мүгедектері қатысатын «Бақытты отбасы» деген мемлекеттік бағдарлама бар. Соңғы кезде бізге жас отбасылар жиі хабарласа бастады. Олар «Біздің бір баламыз бар, баспанамыз жоқ, мемлекеттік қызметте істемегендіктен, ешбір санатқа сәйкес келмей тұрмыз» дейді. Жаңа бағдарлама осындай жас отбасыларға арналады, — дейді Л.Ибрагимова. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «9-20-25» бағдарламасына қаржы нарықтан құйылады. Сол себепті оның пайыздық мөлшерлемесі «7-20-25» бағдарламасынан көп. Бағдарламада негізінен жұмыс істейтін жас отбасыларға басымдық беріледі.

— «7-20-25» бағдарламасында қатысу санына байланысты ешқандай шектеу болған жоқ. Яғни, үміткер 2019 жылы осы бағдарламамен пәтер сатып алып, кейін баспана бағасы қымбаттаған кезде ол пәтерін сатып, 2021 жылы бағдарламаға қайта қатыса алатын еді. Ал «9-20-25» бағдарламасында бір үміткердің бірнеше рет қатысуына мүмкіндік берілмейді. Сонымен қатар, соңғы бес жылда оның атында баспана болмауы тиіс. Бұл мәлімет мемлекеттік деректер базасынан тексеріледі, — деп түсіндірді ол. Жаңа бағдарлама аясында дайын үйлерден ғана емес, «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен салынып жатқан үйлерден де пәтер алуға мүмкіндік бар.

Өңірлік жоба жүзеге аспақ

Биыл облыс жұртшылығы көптен күткен «Ертіс жастары» өңірлік бағдарламасы да бастау алуы тиіс. Ол аймақтағы мұғалімдер, дәрігерлер, медбикелер, мәдениет саласының қызметкерлері, спортшылар, оқытушы жаттықтырушылар, журналистер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлер және әлеуметтік сала өкілдерінің баспана алуына бағытталған. Бұл – «Отбасы банк» АҚ-пен бірлескен жоба. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, бұл бағдарламада бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Несие жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Оны 19 жылға дейін ресімдеуге болады. Бұл ретте 18 млн теңгеге дейін қарыз беріледі. Атап өтерлігі, бағдарлама жаңа үйден де, екінші нарықтағы баспаналардан да пәтер алуға бағытталған. Басқарманың бөлім басшысы Шынболат Тәшековтің сөзінше, Павлодар қаласы бұл бағдарламаға 345,5 млн теңге, Ақсу қаласы 54,5 млн теңге қарастырып отыр. Сонымен қатар, «Бәйтерек» ҰБХ қосымша қаржыландырады. Соның нәтижесінде облыс орталығында 38, Ақсуда 6 ипотекалық өнім беру жоспарда бар. Өтініштер қабылдау осы жылдың алғашқы тоқсанында басталмақ.

 

Осылайша, мемлекет пен жергілікті билік биыл жас отбасылардың, маңызды салаларда қызмет атқаратын жас мамандардың тиімді талаптар бойынша баспана алуына басымдық бергелі отыр. Жоспардың барлығы сәтті жүзеге асса, жүздеген облыс тұрғыны қоныс тойын тойлайтын болады. Солай болсын деп тілеміз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.