Павлодар мұнай-химия зауыты уақытша жұмысын тоқтатты. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін қондырғылар кезең-кезеңмен жаңартылып келсе, бұл жолы барлық қондырғылар тексерістен өтіп, тозғаны жөндеуден өтпек.

Бұл жаңалықты естіген кез келген адам «жанар-жағармайдың бағасы шарықтап кетпей ме?» деп алаңдайтыны рас. Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнай өнімдерінің қоры мол екенін айтып, алаңдауға негіз жоқ екеніне сендірді.

М.Мырзағалиев ең әуелі зауыттағы жөндеу жұмыстарымен танысты. 20 маусымнан басталған жөндеу шаралары 19 шілдеге дейін жалғасуы тиіс. Зауыт басшылығы барлық жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл ретте, зауыт басшылығына жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Бұдан кейін зауыт ғимаратында облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен жиын өтті. Аймақ басшысы зауыттың жұмысын оң бағалап, әлеуметтік қолдау шараларына белсенді қатысатынын айтты.

Белгілі болғандай, ПМХЗ бірінші жарты-жылдықта шамамен 2 млн 772 мың тонна шикізатты өңдеген. 790 мың тоннадан астам бензин, 947 мың тоннадан астам дизель шығарған. Битум бойынша өндіріс көлемі 128 306 тонна, мазут — 287 592 тонна, сұйытылған газ – 157 765 тонна, ал авиаотын 97 827 тонна көлемінде өндірілді.

М.Мырзағалиев өнді-рістік бағдарламаның орындалуы бойынша баяндаманы тыңдап, ПМХЗ-да ғана емес, Атырау мұнай өңдеу зауытында АИ-95 бензинінің барынша көп шығарылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, елдің оңтүстігін қамтамасыз ету міндеттемесін ескере отырып, АИ-95-ті тұрақты түрде жөнелтуге басымдық беру керектігіне назар аударылды.

– Өңдеуге түсетін мұнайдың сапасы, өнім сапасына қойылатын талаптардың артуы және қысқы дизель отынын өндіру перспективасы – ПМХЗ үшін басым бағыттардың бірі. Бұл ретте жақында Мемлекет басшысына таныстырылған дизель отынын гидротазарту қондырғысын қайта құру және сутегін өндіру қондырғысын салу жобалары «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның «жасыл» энергетиканы дамыту бағытындағы бастамалары қатарында ерекше маңызға ие, – деді М.Мырзағалиев.

Басқарма төрағасы аталған екі бастама және сұйытылған көмірсутекті газдарды тазарту қондырғысын салу бойынша жоспарланған іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Сонымен қатар, кеңесте битум өндірісін ұлғайту және жөнелту, аутсорсингті қайтару және ұзар-тылған жөндеу аралық кезеңге көшу мәселелері талқыланды.

Оралхан ҚОЖАНОВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.