Тұрғындарға лайықты жағдай жасау әрі облыс орталығын көркейту мақсатында Павлодар қаласында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Бұрнағы күні аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш жұмыстардың атқарылу барысымен танысты.

 

Қазіргі таңда «Саяжай» шағын ауданы аумағына қарасты Каз.Правда және Ладожская көшелерінің бойында орталық-тандырылған кәріз желілерінің құрылысы қарқынды жүруде. Жеке сектордағы үйлер үшін жасалып жатқан жұмыстар сәтті жалғасуда. Сондай-ақ, Тульская-Азовская көшелері ауданында өздігінен ағатын кәріз желісін монтаждау басталып, ары қарай қысым коллекторын төсеу және жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жоба бойынша бұл бағыттағы барлық жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

— Жеке сектор тұрғындары септиктерді тазарту үшін ассенизатор көліктерін шақыртуға отбасылық бюджеттен аз қаражат жұмсамайды. Бұл жағдай зейнеткерлер мен аз қамтылған азаматтардың қалтасын қағады. Біз тұрғындарымызға қолайлы жағдай жасай отырып, қаланың инфрақұрылымын жақсартуымыз қажет. Орталықтандырылған су бұру жүйесі барлық жеке секторда болуы керек. Мұндай жобалар өткен жылы қаланың бірнеше шағын ауданында басталды және олар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс, — деп атап өтті Асайын Байханов. Бұдан соң облыс әкімі Теміржол вокзалына барды. Аталмыш нысанға күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2004-2005 жылдары жүргізілген. Осы жылдың ақпан айында аймақ басшысы сапаржайды қайта жаңартудың жоспарын жасап, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары ғимараттың екінші қабатында басталып та кеткен. Жоспар бойынша кассалық бөлімшені, күту және фуд-корт аймағын жаңарту, аспалы төбені, еденді ауыстыру жұмыстары жасалатын болады. Сонымен қатар, жылу және сумен жабдықтау, кәріз, электр жарығы жүйелері толығымен жаңартылады деп күтілуде. Сапаржайды қайта жаңартуға бағытталған жұмыстарды павло-дарлық KAZ Minerals Bozshakol компаниясы жүргізбек. Жоспарланған жұмыстар желтоқсан айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Облыс әкімі сондай-ақ, «Зеленая роща» шаңғы базасының аумағындағы әкімшілік ғимарат құрылысының барысымен де танысты. Бұған дейін Асайын Байханов қысқы кезеңде спорт-шылардың жаттығуларына қолайлы жағдай жасауды, балалардың киім ауыстыратын және ата-аналар үшін күту орындарын салып, жабдықтауды тапсырған болатын. Бүгінде мұнда құрылыс алаңын дайындау, іргетас құю жұмыстары қызу жүргізілуде. Алайда, жүзеге асып жатқан жобалардың кейбірі әлі де талапқа сай емес екенін көрсетті. Мәселен, «Екінші Павлодар» шағын ауданында орналасқан бұрынғы теміржол колледжін қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар облыс әкімінің көңілінен шықпады. Бұл қараусыз қалған ғимараттың орнында балаларға арналған Арт-орталық ашылуы тиіс еді. Аталмыш ғимаратты қайта жаңарту туралы келісімшарт наурыз айында жасалғанына қарамастан, 6 айға жуық уақыт ішінде нысанда азғантай ғана жұмыс көлемі орындалған. Мердігер бекітілген кестеден едәуір артта қалуда. Өңір басшысы көп кешікпей осы жобаны іске асырудың түзетілген жоспарын ұсынуды тапсырып, сол бойынша нақты шешімдер қабылданатынын қадап айтты.

Өз тілшіміз

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.