Жергілікті Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеуге байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. Оған дейін мұнай өнімдерінің қажетті қорын жинап алды. Сондықтан кәсіпорын қайта іске қосылғанға дейін жанар-жағармайдан тапшылық болмауы тиіс.

Жыл сайын жазғы уақытта өндіріс орны жоспарлы жөндеуге байланысты жабылады. Мұндай шара жабдықтың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі. Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде технологиялық жабдық пен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық куәландыру, тексеру, сараптау жөніндегі іс-шаралар кешені жоспарланған.

Кәсіпорынның мәлімдеуінше, қазіргі уақытқа дейін жанар-жағармай материалдары қорының тиісті көлемі қалыптасты. Жанармай құзырлы министрлікпен келісілген жоспарына сай жөнелтіледі.

– Павлодар мұнай-химия зауытының тұрақты әрі сенімді жұмысы ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қауіпсіздік техникасының барлық талаптарын сақтай отырып, 2024 жылғы жоспарлы алдын алу жұмыстарын бекітілген мерзімде сапалы жүргізуді қамтамасыз ету қажет.

Жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін де қарастыру қажет, – деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.

Жоспар бойынша, зауыттағы жоспарлы алдын алу жұмыстары 16 шілдеге дейін жалғасады. Одан соң кәсіпорынды штаттық режимге шығару жоспарланып отыр.

Өз тілшіміз.