Екібастұз қаласындағы «Богатырь Көмір» ЖШС және «Екібастұз ГРЭС-2» кәсіпорындары үнемі қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып отырады. Бұл жолы кәсіпорын алғашқылардың бірі болып зиянды қалдықтарды бақылауда ұстайтын автоматты жүйені енгізді. Енді өндіріс орнынан шыққан қалдықтар туралы мәлімет бірден мемлекеттік мекемелерге түсіп отырады. Автоматтандырылған жүйе тәулік бойы жұмыс істейді.

Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Павлодар облысы бойынша экология департаменті Екібастұз ГРЭС-2 және «Богатырь Көмір» ЖШС кәсіпорындарына барып, облыс бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау бойынша кезекті рейд жүргізді.

– Бүгінгі күні экологиялық заңнамаға сәйкес 184-бабының екінші тармағы бойынша бірінші санаттағы оператор объектілері автоматтандырылған бақылау жүйесін орнатуы тиіс. Павлодар облысындағы негізгі стационарлық құрылғысындағы алғашқы автоматтық жүйе екібастұздық ГРЭС-2 станциясында орнатылды, – дейді «Екібастұз ГРЭС-2 станциясының» қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Дәурен Әбілдинов.

Оның айтуынша, әрбір 20 минут сайын күл-қоқыс шығарындыларының орта есебінің ақпараттық арнасы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына жіберіліп отырады.

— Автоматтандырылған жүйенің басты ерекшелігі – кез келген адам станцияның экологиялық стандарттарына арнайы базада қол жеткізе алады. Сондай-ақ, сынама алу нүктесіндегі ластаушы заттардың шоғырлануын, уытты газдардың шоғырлануын, шығынын, температурасы мен қысымын онлайн режимінде жедел бақылау, эмиссиялар нормативтерінің сақталуын бақылау, ластаушы заттардың мөлшері мен құрамын нормативтермен салыстыру, экологиялық жағдай болжамын қалыптастыру секілді бірнеше міндетті шешуді қамтамасыз етеді, — деді Д.Әбілдинов.

Ал «Богатырь Көмір» ЖШС энергиямен жабдықтау дирекция-сының бас инженері Валерий Гончаровтың сөзінше, аталған кәсіпорында қалдықтарды бақылауда ұстайтын автоматты жүйе осы жылдың шілде айынан бастап штаттық режимде жұмыс істейді. Ол температура, ағын жылдамдығы, деңгейін, электр өткізгіштік пен судың лайлығы сияқты маңызды көрсеткіштерді анықтап тіркейді.

Деректер онлайн-режимде Қазақстан Республикасы Экология министрлігінің Ұлттық деректер банкіне беріледі. Бұл өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі өзекті талаптарға сәйкес келеді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА, Екібастұз қаласы.

Суреттерді түсірген — автор.