2024 жылдан бастап елімізде жалпыға ортақ декларацияның үшінші кезеңі басталады. Естеріңізде болар, биыл екінші кезеңде мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсырды. Үшінші кезеңде кірісін құжатпен көрсетуі тиіс тұлғалар кімдер? Декларация қай уақытқа дейін тапсырылуы керек? Құжатта қандай активтер көрсетілуі тиіс? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық кірістер департаменті басшысының орынбасары Рысбек Мінәйімбеков жауап берген еді.

— Рысбек Мінәйімбекұлы, жалпыға ортақ декларацияның үшінші кезеңінде кімдер кірістері, активтері туралы құжат тапсырады?

— Үшінші кезеңнің декларанттары қатарына заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, қатысушылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кіреді. Сонымен қатар, 2023 жылы жұмысқа қабылданған және 2024 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары да декларация тапсырады. Олар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. Құжатта 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы мәліметтер қамтылады.

— «Кіріс» декларациясында нені көрсету керек?

— Шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көліктер, арнайы техникалар және (немесе тіркемелері), әуе және теңіз кеме-лері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» суында жүзетін кемелер көрсетіледі. Сонымен қатар, ҚР аумағынан тыс жерде құрылған заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлестері, шетелдік банктердің шоттарындағы барлық банкттік салымдар бойынша 1000 АЕК көлемінен (3 450 000 теңгеден) асатын қаржы құжатта көрініс табуы тиіс. Қазақстан немесе шетелдегі бірқатар құжаттар, келісімшарттар да декларациялауға жатады. Мәселен, тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысуы туралы шарттар, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, цифрлық активтерді, инвестициялық алтынды, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері туралы да мәліметті көрсетеді. 10 000 АЕК-ке дейін (34 500 000), оның ішінде банк ұяшықтарындағы қолма-қол ақшаны, жеке тұлғаның нотариалды куәландырылған қарыз шарттарын көрсету керек. Декларанттар өз қалаулары бойынша құны 1000 АЕК-тен асатын мәдени құндылықтарды, асыл тастар, антиквариат, биологиялық активтерді де құжатқа енгізуіне болады. Бірақ, мұндай мүліктерді 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейні тәуелсіз бағалаушыға бағалатып алуы керек.

— Осы орайда, алғаш рет декларация тапсыратын жеке кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Өздігінен декларация тапсырмас бұрын олар өзінің жеке кәсіпкер немесе қызметін тоқтатқан заңды тұлғаның басшысы екенін немесе сенімсіз салық төлеушілер тізімінде екенін тексеруі керек. Егер кәсіпкерлік қызметті жалғастырғысы келмесе, онда мемлекеттік кірістер органына қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш беру керек. Сонымен бірге, декларацияны толтырардың алдында кейбір мәліметтердің сенімділігін тексеруге арналған сайттар бар. Мысалы, https://portal.kacd.kz сайтынан бағалы қағаздарды, https://homeportal.kz сайтынан тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысуы туралы шарттар бойынша ақпаратты нақтылай алады. Авторлық құқық, зияткерлік меншік жайында https://gosreestr.kazpatent.kz сайтында толық мәлімет болады. Егер мұндағы деректердің сенімділігімен келіспесе, құзырлы органға тікелей жүгінуі қажет.

— Нақты қандай органдар өтінімді қарастырып, жауабын береді?

— Декларация тапсыруы тиіс азаматтар бағалы қағаздар бойынша ақпаратты нақтылау үшін «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ мекемесіне жүгінеді. Құрылыстағы үлестік қатысуы бойынша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитеттен біле алады. Бұл үшін «E-Otinish» азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы да жұмысын реттей алады. Зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілеріне қатысты мәліметті ҚР Әділет министрлігінің «Зияткерлік меншік ұлттық институты» кәсіпорнынан анықтауға болады. Сенімді басқа-руға берілген мүлік турасындағы ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан білу керек. Займ шарттары бойынша мәлімет Республикалық нотариалдық палатада нақтыланады.

— Декларацияны тапсыру тетіктеріне тоқталсаңыз?

— е-Salyk Azamat, eGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы да құжатты толтырып, тапсыруға болады. Одан бөлек, еGOV, moldir.qoldau.kz веб-порталдарының көмегімен де кіріс декларациясы ұсынылады. cabinet.salyk.kz сайтында салық төлеушінің кабинетіне кіріп те, толтыруға жол ашық.

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.