Елімізде 22 шілдеден бастап күмәнді ақша аударымдары бұғаттала бастайды. Мұндай қадам соңғы уақытта жиілеп кеткен алаяқтықпен күрес мақсатында жасалып отыр.

Бұл жөнінде ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр. Сонымен қатар, антифрод орталығы жұмысын бастамақ. Бұл орталық — қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қосылатын технологиялық платформа. Ол алаяқтық белгілері бар транзакцияларға жедел әрекет ету мақсатында жасақталып отыр.

Kazinform сайтының жазуынша, мұндай белгілер бар аударымдар аңғарылса, алаяқтардың шоттарындағы аударымдар бұғатталып, үш күн ішінде қайтарылады. Осындай талап қойып отырған Ұлттық банк нормативтік-құқықтық актілерде қаржылық ұйымдардың алаяқтық белгілері бар операциялар бойынша деректер алмасу орталығымен өзара іс-қимылына қойылатын талаптардың жобаларын жариялады.

Антифрод-орталықтың міндеті азаматтардың қаражатын алаяқтық операциялардан қорғауды қамтамасыз ету, алаяқтық операцияларға жедел шара қабылдау және оларды уақытында бұғаттау болмақ. Орталық 22 шілдеде, яғни, цифрландыру мәселелері жөніндегі тиісті заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап толық жұмысына кіріседі деп жоспарлануда.

Егер клиент қаржы институтын ескерткеннен кейін ақшаны жіберуді талап етсе, төлем қайта басталады. Қаржы институттары да алаяқтық белгілері бар клиенттерден транзакциялар туралы үзінді көшірмелерді қабылдауға және оларды алаяқтыққа қарсы орталыққа беруге міндетті болады.

Орталық күмәнді аударымдарды байқаса, қаржы институты дереу бұғаттайды. Ақшаны алу себептерін анықтағанға дейін бұғатта тұрады. Үш жұмыс күні ішінде қаржы институты себебін анықтап, алаяқтыққа қатысы жоқтығы дәлелденсе, шоттан бұғатты алып тастайды. Ал егер алаяқтық белгілер нақтыланса, алаяқтыққа қарсы орталыққа немесе қылмыстық қудалау органдарына хабарлама жібереді. Содан кейін ақшаны жіберуші тарап үш жұмыс күні ішінде аударымын немесе төлемін қайтарып алуына болады.

Мұндай шара қолданылуының жөні бар. Өйткені, бүгінде алаяқтық оқиғалары жиілеп кетті. Мәселен, аймағымызда биыл төрт айдың өзінде алаяқтық деректері 45 пайызға, соның ішінде интернет алаяқтық 68 пайызға өскен. Былтыр алаяқтар алдау арқылы павлодарлықтардан 545 млн теңгені қолды еткені белгілі.

 

Г.МАҒЖАН.