Отбасы банк «Отау» ипотекасы шарттарын жеңілдетті. Сәйкесінше, енді аталмыш тұрғын үй бағдарламасына иелігінде гараж, паркинг, жер учаскесі, сондай-ақ, кейбір жағдайларда үй немесе пәтерде үлесі бар азаматтар қатыса алады.

 

Бұл жөнінде Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззәт Ибрагимова мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, 9 пайызбен, бастапқы жарнасы пәтер құнының 20 пайызынан кем болмайтын, 19 жылға дейінгі мерзімге берілетін ипоте-каға өтінім қабылдау биыл наурыз айының 1-інен бастау алған еді. Алайда, аттарында жоғарыда аталған жылжымайтын мүліктің болуынан өтінімі қанағаттандырылмағандар қайтадан бағдарламаға қатыса алады. Осылайша, өтінім қабылдау мерзімі 30 сәуірге дейін ұзартылды.

Бағдарлама шарттарының бірі өтінім берушіде, оның отбасы мүшелерінде, яғни, балалары мен жұбайында соңғы бес жылда баспана болмауы еді. Бастапқыда баспана ретінде пәтер, үй ғана емес, сондай-ақ ондағы үлес те, сонымен қатар, паркинг, қойма, бос жер учаскелері де есепке алынған. Соның салдарынан көптеген азаматтарға «Отау»-мен тұрғын үй беруден бас тартылды. Кейбір адамдар осы талапқа байланысты баспанасы болмаса да өтінім бермеген көрінеді. Сондықтан Отбасы банк жылжымайтын мүліктің бар-жоғын тексеру маршрутын түбегейлі өзгертіп, барынша егжей-тегжейлі жасауды жөн көріп отыр.

– Бізге шалғайдағы ауылдағы шағын үйде отбасының өзге де көптеген мүшелерімен бірге тұрғын үй үлесінің болуына байланысты клиенттеріміз көмекке жүгінді. Сонымен қатар, кейбір азаматтардың атына гараж немесе қосалқы үй-жай тіркелген екен. Әлбетте, бұл деректер адамдардың баспанаға мұқтаж еместігін көрсетпейді. Біз азаматтардың барлық өтініштерін қарастырдық, «Отау» бағдарламасы бойынша бас тартылған өтінімдерге мұқият талдау жасадық. Сөйтіп, қалыптасқан жағдайға байланысты жеке шешім шығардық. Енді қазақстандықтардың атында жылжымайтын мүліктің бар-жоғы жайлы деректерді объективті саралау үшін, автоматты түрде тексерумен қатар, қолмен тексеруді қостық, – деп түсіндірді Л.Ибрагимова.

Осылайша, өтінім берушілердің атындағы жылжымайтын мүліктің нақты не екеніне мән беріледі. Егер тұрғын үй емес нысан немесе пәтер, үйдегі үлесі кішігірім ғана болса, өтінім қабылданып қалуы әбден мүмкін. Ал бертін сатып алынған баспанадағы үлесі 50 пайыздан асатын болса, өтінімді қабылдау ықтималдығы жоқтың қасы. Дегенмен, банк әр жағдайға қатысты жеке шешім қабылдайтын болады.

Өтінім қабылданғаннан кейін қатысушыларды бал бойынша саралау басталады. Өткендердің тізімі банктің сайтында жарияланады. Содан соң бағдарлама қаты-сушысына несиелік өтінім беруге 40 күн уақыт беріледі. Егер оның ипотекалық несиесі мақұлданса, оған өз баспанасын іздестіруге тағы 6 ай уақыт ұсынылады.

Айта кету керек, Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан тек жаңа үйлерді алуға рұқсат етіледі. Ал өзге елді мекендерден кез келген тұрғын үй сатып алуға болады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.