Сүт өндірісінің өзегі қандай?

Шіл 3, 2025

Соңғы жылдары елімізде сүт өңдеу ісі қарқын алып келеді. Бүгінде осы шикізаттан дайындалған отандық өнімнің түр-түрі сауда сөрелерінде самсап тұр. Бұл ретте павлодарлық шаруалар да саланың дамуына сүбелі үлес қосуда. Дей тұрғанмен, әлі де бес түрлі өнімге импорттық тәуелділік бар. Оны жергілікті өніммен қайтіп алмастырамыз? Жалпы, отандық сүт өндірісін дамытудың тетіктері қандай?

Осы және өзге де мәселелер облыс орталығында өткен «PRO Молоко’ 25» IV халықаралық форумында кеңінен талқыланды. Аталмыш жиынға шетелдік сарапшылар, еліміздің әр өңірінен жиналған бизнес өкілдері мен шаруалар, отандық өндірушілер жиналды.

Алғаш болып сөз алған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұл форум сүт өндірісі жүйесінің барлық кезеңін қамтитынын атап өтті. Шикізат жеткізетін шаруашылықтар, оны өңдеумен айналысатын кәсіпорындар, сол кәсіпорындарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтитын компаниялар, ірі сауда желілері өкілдері – барлығы бар.

— Сүт өндірісінің көлемін арттыруға қатысты жоспар көп. Олар ойдағыдай орындалуы үшін тұтас тізбек қалтқысыз жұмыс істеуі тиіс. Соның ішінде құрал-жабдықтарды жеткізушілерге қатысты мәселеге баса мән берген жөн. Ертеңгі күні өңдеу орнында қандай да бір құрал істен шықса, оны бірден қоймадағы басқа түрімен ауыстыру керек. Әйтпегенде, қаншама еңбек еш кетеді. Бұл салада уақытылы, үздіксіз жұмыс істеу маңызды, — деді А.Сұлтанов.

Осы орайда министр орынбасары Павлодар облысының шаруалары белсенді екенін баса айтты. Соңғы уақытта тауарлы сүт фермаларының саны да көбейіп, тың жобалар жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.

— Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасына кіретін бес сүт өнімі бойынша шетелдік өндірушілерге тәуелділік бар. Бұл бағдарлама бойынша елімізде 109 тауарлы сүт фермасы мемлекеттік қолдаумен қамтылды. Барлық жоба келесі жылға дейін іске қосылса, отандық нарықты сүт өнімдерімен қамтитын толық мүмкіндік болады, — деді вице-министр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов атап өткендей, біздің өңірде биыл алты тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ. Олардың бірі толығымен роботтандырылған болады.

— Павлодар облысы — сүт өндіру бойынша көшбасшы аймақтардың қатарында. Бұл саланы дамытуда суармалы алқаптың маңызы зор. Ол сүт өндірісі ілгерілеуінің драйвері десек, артық айтқандық емес. Сол суармалы алқаптан жинайтын өсімдік, дақылдар тұрақты жем-азықпен қамтамасыз етеді. Сүт өнімдері өндірісінің кеңеюіне кәсіпкерлер де ниетті. Ірі компаниялардың қомақты инвестиция салуы – соның бір дәлелі. Ал мұндай форумдар тек өңірдің емес, тұтас елдің саласына тың серпін береді, — деп түйіндеді С.Батырғожинов.

Форум қатысушыларының назарына арнайы көрме ұсынылды. Оған отандық тауар өндірушілермен қатар, Ресей, Қытай, Франция компаниялары қатысты. Мұнда әр түрлі заттар қойылды. Олардың қатарында жем-азық, олардың тұқымдары, төрт түлікке арналған дәрі және тағы басқалары бар.

Мәселен, Ресейдің Новосібір облысындағы «Молсиб» ЖШС ірі және ұсақ қара малға арналған жем-азыққа қосатын қоспалар шығарады.

— Біз жоғары сапалы қоспаларды жеткіземіз. Сол арқылы бұзаулар тезірек ет жинайды. Қоспаның құрамында гормон, гендік модификацияланған ағза жоқ. Барлығы өзіміз өндіретін шикізаттан жасалған. Сондықтан да болар, біздің тауар жоғары сұранысқа ие. Павлодар облысынан тапсырыс берушілердің де қатары қалың, — деді компания өкілдері.

Форум аясында жергілікті ірі өңдеу орындарының бірі – «Молком – Павлодар» ЖШС де өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл зауыт тәулігіне 100 тонна шикізатты өңдеп, одан 115 түрлі өнім алады. Атап айтқанда, сүт, айран, ірімшік, май, қаймақтың түр-түрін нарыққа жөнелтеді. Осыдан екі жыл бұрын қоюлатылған сүт пен тұздықтың бірнеше түрін де шығара бастады.

Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмақ емес. Компания құрылтайшысы Вячеслав Руфтың айтуынша, сүтте болатын ақуыз зат – казеиннің өзге түрін беретін ірі қараларды алғашқылардың бірі болып елімізге әкелді. Бұл сүт аллергиясы бар жандарға, балаларға, түрлі сырқатқа шалдыққан ересектерге де пайдалы. Сүттің дәл осындай түрін Жаңа Зеландия, Жапония, Біріккен Араб әмірліктері, Франция мен Германия сынды елдердің тұрғындары тұрақты түрде ішеді. Алдағы уақытта павлодарлық зауыт та осы өнімнің жеке түрін шығаруды жоспарлап отыр.

— Біз үнемі дамып, жаңа технологияларды меңгеріп, тың бағытта ізденуді жөн санаймыз. Осы орайда бүгінгі форумның маңызы зор. Көп ақпарат алып, өзге өнім түрлерін көріп, соған сай алдағы уақытқа жоспар құрып та үлгердік. Бұл кең ауқымды жиын көптеген әріптестіктің бастауы болады деп ойлаймын, — деді В.Руф.

Жалпы, форум сүтті мал шаруашылығын дамыту, сүтті өңдеу, суармалы алқапты кеңейту сынды түрлі бағытты қамтыды. Екінші күні инвестициялық кездесулер, осы саладағы кәсіпорындарға турлар ұйымдастырылды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суреттерді түсірген — Татьяна Вервейко.