Елімізде жылу, су және су тарту желілерінің жартысынан астамы тозған. Бұл мәселе біздің облыста да өткір тұр. Басқасын былай қойғанда, қара күзден ерте көктемге дейін жылу беретін құбырлардың 82 пайызы ескірген. Оларды жаңартып, жөндеу үшін тұтынушылар төлейтін коммуналдық қызметтердің тарифі өспек. Яғни, алдағы айдан бастап тұрғындарға келетін түбіртектердегі сома айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Ал оның нәтижесі қандай болмақ? Жаңа бағдарламаның берері не? Тарқатып көрейік.

 

Жаңартудың жалғыз жолы

Қазақстанда шамамен 128 мың км жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілері бар. Статистикалық деректер олардың жалпы тозуы 51 пайызды құрайтынын көрсетіп отыр. Бұл түйткілді шешу үшін Ұлттық экономика министрлігі «Тарифті инвестицияға айырбас-тау» бағдарламасын қолға алды. Соған сәйкес, 2029 жылға дейін 62 мың шақырым инженерлік желіні  жаңғыртуға 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады. Сөйтіп, ескірген құбырлардың үлесі 20 пайызға дейін азаяды. Қысқасы, бұл бағдарлама арқылы еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңартып, осы салада қызмет ететін, талай жылдан бері жалақасы өспеген қызметкерлердің айлығын арттыру көзделіп отыр. Құзырлы ведомство осы жылдың 1 шілдесінен бастап тарифтер мен инвестициялық бағдар-ламаларды өзгертуге 212 өтінімді қысқа мерзімде бекітті. Нәтижесінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің орташа есеппен 10-30 пайызға қымбаттайды. Тұтынушылардан түскен бұл қаражаттың басым бөлігі желілерді жаңартуға жұмсалмақ. Мәселен, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, биыл ел көлемінде тозған жылу желілерінің үлесі 58 пайыздан 55 пайызға дейін түседі. Демек, үш пайызы жөнделіп, қайта салынады. Есесіне тұрғындар жылу үшін төлейтін ақының көлемі артады. Орта есеппен алғанша екі бөлмелі пәтер иелері төлейтін сома 20 пайызға көбейіп, шамамен алғанда 1620 теңгеге қымбаттайды. Сол сияқты ескірген электр желілері де ауыстырылады. Биыл желілердің тозуы 64 пайыздан 62 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонда екі бөлмелі пәтерде пайдаланылатын электр энергиясы үшін орта есеппен алғанда қосымша 660 теңге төлеуге тура келеді. Сол сияқты жаңа бағдарлама аясында суды тұтыну ақысы 200 теңгеге, су тарату желілерін пайдаланғаны үшін есептелетін төлем 220 теңге өседі. Бұл ретте тұтынушылар төлейтін тарифті кәсіпорындардың қай мақсатта, қалай жұмсалатыны жіті бақыланады. Қызмет көрсететін компаниялардың сатып алулары да электрондық форматқа ауыстырылды. Әрбір азамат жүйеге кіріп, құжаттаманы көре алады. Тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануды бақылау жұртшылық пен техникалық сарапшыларды тарта отырып қамтамасыз етіледі. Тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда оған уақытша өтемдік тарифтер енгізілетін болады. Ал табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осылайша, коммуналдық төлемдер негізсіз көтерілген жағдайда қаражат тұтынушыларға қайта есептеу арқылы қайтарылады.

— Осылайша, Ұлттық экономика министрлігі өз тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайындық шаралар қабылдады. Енді бағдарламаны іске асыру практикалық тұрғыға көшті. Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындарымен бірлесіп, жөндеу жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуді қамтамасыз етуі, сондай-ақ кейінгі жылдары желілердің тозуын азайту үшін құжаттама дайындауы қажет, — деді министр. Сонымен қатар, министрлік коммуналдық салада қызмет ететін мамандардың жалақысын көтеру мәселесін тілге тиек етті. Алдағы уақытта дәнекерлеуші, сантехник, электрик сынды мамандардың жалақысын 50 пайыздан 100 пайызға дейін көтеру ойда бар. Сонда жұмыс істейтін саласы мен өңірге байланысты орташа жалақы 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі. Мұндай қаржылай өзгеріс 200 мыңға жуық жұмысшыны қамтиды. Иесіз желілер де енді құр қалмайды. Ел көлеміндегі 25 мың шақырымнан астам коммуналдық желі кезең-кезеңімен сенім-герлік басқару мен коммуналдық меншікке берілуі тиіс.

 

Облыс тұрғындары қанша төлейді?

Ал Павлодар облысының жұртшылығы үшін жаңа тариф саясаты қандай өзгерістер әкелмек? Жалпы республика бойынша инженерлік-коммуникациялық желі-лердің тозу деңгейі 51 пайыз болса, біздің облыстағы бұл көрсеткіш одан да жоғары. Жылу, электр, су және су бұру құбырларының 68 пайызы ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе, жылу желілеріндегі мәселе өткір тұр. Тек Екібастұз қаласының өзінде құбырлардың 93 пайызының әбден тозығы жеткен. Қазіргі таңда мұнда кең ауқымды жаңғырту мен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тарифтің қанша пайызға өсетіні де содан соң ғана белгілі болады. Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ибрагим Тангиевтің айтуынша, екібастұздар төлейтін жылу сомасы қоғам өкілдерінің қатысуымен жеке қаралмақ. Алдын ала болжам бойынша, мұндағы коммуналдық қызмет ақысы 30 пайызға дейін өсуі ықтимал. Ал өңірдегі алты кәсіпорын желілердің тозу деңгейі бойынша республикалық «қызыл» тізімде тұр. Оның ішінде Павлодар қаласындағы №1 және №2 ЖЭО, «Павлодар жылу желілері», «Павлодар-Водоканал», Екібастұздағы «Горводоканал» және «Ақсу су арнасы» кәсіпорындары бар.

— Сондықтан бұл кәсіпорындар қазіргі тариф пен инвестициялық бағдарламаларға өзгеріс енгізуге қатысты өтініштер берді. Бұл өтініштерде жалпы сомасы 12,8 млрд теңге болатын қосымша шараларды қолға алу қарастырылған. Алдағы үш жылда монополистердің қызметіне белгіленген инвестициялық бағдар-ламалардың сомасы 39 млрд теңгеден 51,8 млрд теңгеге дейін өседі. Соның есебінен ескірген құбырлардың үлесі жыл сайын 2 пайызға азайту көзделген, — дейді И.Тангиев. Тарифтерді қайта қарау нәтижесінде 1 тамыздан бастап Павлодар облысының тұрғындары электр энергиясы үшін қазіргіден 27 пайызға артық төлейтін болады. Судың бағасы облыс орталығында 20 пайызға, Ақсу мен Екібастұзда 11 пайызға қымбаттайды. Су бұру тарифі Павлодар қаласында 18-20 пайызға, Екібастұзда 9 пайызға, Ақсуда 13 пайызға өседі. Жылу үшін павлодарлықтар бұрынғыдан 5 пайыз, ақсулықтар 11 пайыз, екібастұздықтар жоғарыда аталғандай шамамен 30 пайыз көп төлейді. Жалпы алғанда, коммуналдық қызметтер түбіртегіндегі сома орташа есеппен 1770 теңгеге өседі.

Өтемақы беріледі

Тарифтің қымбаттауы табысы төмен отбасылардың қалтасына салмақ салмас үшін ел Үкіметі коммуналдық шығындардың бір бөлігін өтейтін болады. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету аясында көзделіп отыр. Ол аз қамтылған отбасыларға жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және тағы басқа коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді. Басты шарт – төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуы тиіс. Биыл Үкімет енгізген өзгеріс-терге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10 пайызынан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20 пайыз аралығында қарастырылатын. Бұл ретте әкім-діктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10 пайыздан төмендетуге құқылы. Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңге, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңге болса, яғни кірісінің 10 пайызынан асып кетсе, тұрғын жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқылы. Сол арқылы ел билігі аз қамтылған отбасыларды қаржылай қолдауға ден қоймақ. Коммуналдық қызметтердің тарифі алдағы уақытта да өскен жағдайда өтемақы көлемі де ұлғаяды. Жалпы, соңғы 4 жылда ел көлемінде 174 мыңнан астам абонентке тұрғын үй көмегі үшін 5 млрд теңге төленді. Ал жыл басынан бері  31 мың отбасыға 630,5 млн теңгеге көмек көрсетілді. Мемлекет тарапынан табысы төмен отбасыларға осындай жағдайдың жасалғаны жақсы-ақ. Бірақ тарифтердің мұндай өсімі орташа айлық алатын отбасы-ларға да оңайға түспейтін сияқты. Коммуналдық қызметтер түбіртегіндегі соманың өзгеруі біраз шаңырақтың жеке бюджетіне салқынын тигізетіні анық. Бастысы, тұтынушылардан түсетін табыстың шын мәнінде желілерді жаңартып, қызмет сапасын жақсартуға жұмсалуы. Ендігі ретте осы мәселені қатаң қадағалаған жөн.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА