Павлодар облысында қансорғыш жәндіктермен күресуге бөлінген қаржының көлемі 4 есеге жуық артпақ. Сәйкесінше келесі жылдан бастап қанатты зиянкестермен күрес күшейтіліп, ауада өңдеуге арналған жайылма алқаптардың саны да ұлғаяды. Атап айтсақ, 2024 жылы өңдеуден өтетін жайылма алқаптар 5 есеге жуық, ал Ертіс арнасы бойындағы өзен қойнауы 1,5 есеге артады.

Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева әр жылдың қорытындысы бойынша жергілікті тұрғындармен кері байланыс орната отырып, жиынтық талдау жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде 2024-2026 жылдарға арналған маса мен шыбын-шіркейге қарсы күрес жоспарына елеулі түзетулер енгізілді.

– Жұмыс сапасы мен тұрғындардың жайлылығы қашан да бірінші орында. Егер 2021 жылдан бастап жайылмадағы 27 мың гектар жер аэродромдар арқылы өңделсе, 2024 жылдан бастап жылына 127 мың гектар жер өңделмек. Бұл жәндіктер жиі кездесетін ауылдық жерлерді қамтиды. Жаңа талаптарға сәйкес әуе өңдеуге кемінде 8 «АН-2» ұшағы пайдаланылады. Ертістегі залалсыздандыру жұмыстары 1800 шақырымнан астамға созылады, оның ішінде биологиялық өнім негізгі арна мен ағындарға үш рет таратылады. Тосқауылдық өңдеу облыс орталығын да, өзен жағалауындағы Ақтоғай, Ертіс, Железин және Тереңкөл аудандарын да (15 мың гектар) қамтитын болады, — деді А.Қабылтаева. Сонымен қатар, басқарма басшысы жұмыс көлемі мен жоспарланған еңбек шығындарының ұлғаюына байла-
нысты жыл сайын қаржыландыру көлемі де қосымша қаражатты талап ететінін жеткізді. Оның айтуынша, мердігерге қойылатын негізгі талаптардың бірі кем дегенде 80 пайыз тиімділікке қол жеткізу болмақ.

— 2023 жылдың қорытындысына келсек, басқарма мамандары ауа, өзен және тосқауылдарды өңдеудің тиімділігін 84-тен 94,5 пайызға дейін бағалады. Бір шаршы метрдегі дернәсілдер саны орта есеппен 1000-нан 230-ға дейін азайды. Барлық препараттар еуропалық сапада, қауіптілік класы IV кластан жоғары емес және Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген. Үш жылдық келісімшарт тәжірибесі көрсеткендей, маса мен шыбын-шіркеймен күресте Павлодар облысында оң динамика байқалады. Осыған сүйеніп, біз алдағы үш жылдың іс-қимыл алгоритімін жасадық. Мемлекеттік сатып алу порталында қансорғыш жәндіктерге қарсы зиянкестермен күрес жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланды. Лот сомасы ҚҚС-сыз 7,8 млрд теңгені құрайды. Бұл сома бұрынғыдай үш жылға жоспарланған. Шешім 2021-2023 жылдардағы дезинсекциялау маусымының оң тәжірибесін ескере отырып қабылданды, — деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.