Елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен жүзеге асырылуда. Бұл түрлі салада шаруасын дөңгелетіп отырған бизнес өкілдерінің кәсібін алға бастыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті көшпелі мәжіліс барысында осыған тағы бір мәрте куә болдық.

Балалар білімін шыңдаған орталық

«Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Павлодар облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Игорь Одинокийдің айтуынша, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры павлодарлық бизнес өклдері үшін жеңілдікті мөлшерлеме, субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру қызметтерін ұсынады. Өткен жылдың өзінде жалпы сомасы 62 миллиард теңгені құрайтын 904 жаңа жобаға қолдау көрсетілді. «Даму» қоры жиі қаржыландыратын жобалардың үштігіне өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, бөлшек сауда және техниканы жөндеу кіреді. Сонымен қатар, қор білім беру идеялары бастамасын қолдайды. Табысты ынтымақтастықтың бір мысалы – Павлодар қаласындағы бастауыш сыныптарға арналған «BILLION SCHOOL» білім беру орталығы.

2023 жылы кәсіпкер Жанира Байділдина «Даму» қорының көмегіне жүгініп, «BILLION SCHOOL» білім беру орталығының негізін қалады. Компания басшысы Жанира Байділдинаның айтуынша, орталық балаларының білім деңгейін көтеру, шет тілдерін үйрену, оқушыларды IELTS сынағына дайындауды мақсат еткен тұрғындарға арналған. Бастауыш мектепті басқаруға лицензия алу үшін кәсіпкерлер қажетті жағдай жасауды ұйғарды. Осы идеясын жүзеге асыру үшін кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 61 млн теңге көлемінде несие алды. Ал «Даму» қоры кепілдік берді.

Жанира Байділдинаның айтуынша, педагогтер балаларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйретеді. Орталықтың мүмкіндігі 500 оқушымен жұмыс істеуге мүмкіндік болғанымен, әзірге 200-ге жуық бала барады. Мекемеде 10 кабинет бар, олардың әрқайсысы 12 оқушыға арналған. Орталықта 4 адам ресми түрде жұмыспен қамтылса, қалған оқытушылар сырттай жұмыс істейді. Болашақта іскер жан 5-11-сынып оқушылары үшін тағы бір білім беру орталығы мен жеке мектеп ашуды жоспарлап отыр.

Жиһаз жасауды кәсіп еткен

«Даму» қоры 2022 жылы облыс орталығында «Baitaq» жеке кәсіпкерлігі Павлодарда жаңа жиһаз цехының іске қосылуына ықпал етті. Кәсіпкер табысы орташа тұрғындардың сұранысына сай жиһаздар өндіреді. Тігін цехы өндіріске қажетті ағаш өңдеу құралы, көп аралы кесу жабдығы, тегістеу машинасы, электр құралдары, тігін машиналары, т.б. қондырғылармен жабдықталған. 2023 жылдың мамыр айында 50 млн теңге көлемінде несие мақұлданып, несие қаражатының бір бөлігіне кәсіпкер жер учаскесін сатып алып, жиһаз өндіретін цех салды. Қазір жиһаз жасаумен 17 адам айналысады.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несие бойынша мөлшерлемесі 21,75 пайызды құрады, оның 8 пайызын кәсіпкер төлейді, қалғаны –
мемлекеттік субсидия. «Даму» қоры да 37,6 пайыздық кепілдік берді. Компания жұмысшылары күніне 8-10 диван, аптасына 70-90 диван шығарып, дайын өнімді Павлодар, Ақсу, Екібастұз және Семей қалаларында орналасқан сауда орындарына жеткізеді.

Жылыту радиаторларын өндіреді

Ел нарығында 25 жылдан астам жұмыс істейтін «СНН» кәсіпорны «Даму» қорының қолдауының арқасында радиаторлар өндірісі жолға қойылды. Жылына 300 мыңға дейін секция шығаратын павлодарлық кәсіпорынның 1 миллион дана өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда кәсіпорын тұтынушылар мен серіктестерге сапалы қызмет көрсетуде. Саналуан өнім  түрін өндіретін кәсіпорынның болашағы зор.

«СНН» құю зауыты ірі өнеркәсіптердің сұраныстарын қамтамасыз ету үшін құрамы әртүрлі құймалар өндіреді. Мұнда қордың қолдауымен Қазақстанда баламасы жоқ бимитальды радиаторлар құю цехы ашылды. Толық қуатына қосылмаған зауыт өнімінің құны жоғары болғанымен, сапасы бағасына сай.

2017 жылы «СНН» фирмасы түрлі металдардан жасалған бұйымдар өндірісін дамытып, тұрмыстық биметалл жылыту радиаторларын өндіру үшін және «Frech» маркалы неміс технологиялық желісін сатып алу мақсатында несие ресімдеді. Биметалды жылыту радиаторларын өндіру жобасы 2022 жылдың желтоқсанында іске қосылды.

Құю өндірісінің инженер-технологы Ілияс Мырзатаевтың айтуынша, кәсіпорын «Даму» қорының қолдауымен іске қосылған. Роботтандырылған қондырғының өндірістік қуаты – жылына 250-300 мың секция. Ол күніне 700 құю өнімін шығарады. Бірақ машинаның әлеуеті әлдеқайда көп.

– Өндіріс қор ұсынған субсидиялық қаражат пен кәсіпорынның жеке қаражатына ашылды. Біз пеш пен роботты манипуляторды қамтитын неміс құю кешенін сатып алдық. Батареялар өндірісінде қондырғыға қызмет көрсетуге екі адам жеткілікті. Бірі қондырғыны іске қосып, пешке металл беретін оператор, екіншісі дайын өнімдерді шығарып алатын оператор, – деді Ілияс Мырзатаев.

Алдағы уақытта өнімдерді сырлау және механикалық өңдеу бойынша автоматтандырылған желіні сатып алу жоспарланып отыр. Бұл өндіріс көлемін жылына 1 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте кәсіпорын сенімді серіктес – «Даму» қорына иек артпақ.

                              Түйін:

Жас кәсіпкерлер бизнес-идеяларын жүзеге асыруда мемлекеттік тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанына дән риза. «Даму» қорының арқасында іскер азаматтар шаруасын ширатып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Бизнес өкілдері бұл мүмкіндікті жеке басының пайдасын ғана көздемей, жұмыс орындарын көптеп ашып, қоғамның дамуына үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Т.ОРАЗАЛЫ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.