Бүгінгі күні IT-технология, цифрландыру тетіктері өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Әрбір әрекетімізді жеңілдететін XXI ғасырдың жетістігін жіті меңгеруге қазіргі жастар құмар. Сондай құштарлық біздің кейіпкеріміз Нұрсипат Төлеубайды да осы салаға жетеледі. Ол бүгінде Astana hub өңірлік менеджері, яғни, Pavlodar hub-тың өкілі болып еңбек етеді.

Үйіне алғаш рет компьютер әкелінген сәттен бастап бала Нұрсипат болашағын осы бір техникамен байланыстыруды арман етті. Сондықтан келешекте меңгеретін мамандығын да еш ойланбастан таңдап қойған еді. 9-сыныпты аяқтаған соң Павлодардағы ақпараттық технологиялар колледжіне оқуға түседі. Білімін жетілдіруді жалғастыруды жөн санайды. Сөйтіп, Торайғыров университетіне IT-мамандығында білім алуды бастайды. Қазіргі таңда 3-курста білім алуда. Оқумен қатар Pavlodar hub-та қызмет етеді. Бұл ұйымның басты мақсаты — аймағымызда IT-саланы дамыту.

— Біз Speaker Talks Workshop және түрлі пікірталас өткізу арқылы салаға қызығушылығы бар азаматтардың көкжиегін кеңейтіп, жаңа идеяларға бағыт береміз. Ақпараттық қауіпсіздікке де мән береміз. Мәселен, Kaspersky Cyberday атты әртүрлі форум ұйымдастырамыз. Мұнда ақпараттық қауіпсіздікке қатысты жағдайлардың теориясы мен тәжірибесі түсіндіріледі, — дейді Нұрсипат Табиғатұлы. Енді мұндағы мамандар алдағы уақытта inDrive-пен бірлесіп, тағы бір жобаны қолға алмақ. Ауылдың жоғары сынып оқушыларын оқытады. Сонымен қатар, IT-салада және IT-стартапта өзін жан-жақты дамытуға ниетті жастардың IT-қауымдастығы құрылмақ. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен және Enactus Павлодар ұйымымен бірлесіп, стартап топтарын дамытқысы келетін мектептерде ішкі командалар жасақтауға да қолғабыс жасалмақ. Айта кетейік, Enactus дегеніміз — жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларын бизнеске бастайтын платформа. Әлеуметтік, экологиялық, инновациялық және коммерциялық бағыттағы жобалар іске асырылады. Pavlodar hub-тың құрылғанына көп болған жоқ. Бүгінде облыстың IT-технологияларға аңсары ауған дарынды жастардың басын қосып, аймағымыздың осы саладағы әлеуетін арттыруға күш салынуда. Ал бұл бағытқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында да басымдық берілгені белгілі. Нұрсипат креативті достарымен бірлесіп, бірқатар IT-жобалар жасаған. Алайда олардың барлығы коммерциялық тұрғыда болғандықтан, авторлық құқық та тапсырыс берген ұйымның еншісіне өтеді. Алдағы уақытта әлеуметтік тұрғыда да жобалар жасау ойында бар.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.