Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде ардагерлер аллеясы ашылды. Ашылу салтанатына саябақтың құрылысына белсенділік танытқан азаматтар мен аудан тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, алаңға 200-ге жуық жеміс ағашының көшеттері отырғызылды.
Аллеяның салтанатты ашылуына аудан әкімі Қадылжан Сәтиев қатысып, саябақтың ашылуы — Май ауданының 85 жылдығына арналған тағылымды іс-шаралардың бірі екендігін атап өтті.
— Бұл бастаманы өмірін ауданның өркендеуіне арнаған ардагерлер көтеріп, қолдаған болатын. Осы орайда, олар алыстан арнайы келіп, туған жерімен қайта қауышты. Оларға деген алғысымыз шексіз. Бұл аллея — тарихты құрметтеу, еңбекті бағалау және келер ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды іс. «Атаның көргенін бала соғар» дейді халық. Ендеше, үлкендердің жолын жалғайтын жас буын да туған өлкені гүлдендіре түсетініне сенеміз, — деді аудан басшысы.
Аллеяны салу бастамасын қоғам қайраткері Ермат Байғұрманов көтерген. Осыдан соң жұмыс тобы құрылып, құрылысқа кеткен қаржы ауданның әлеуеті мен экономикасын көтерген азаматтардан жиналған. Аталмыш саябақ «Жерлестер» қауымдастығының 123 мүшесінің қолдауымен салынған және абаттандырылған. Саябақтың жан-жағы қоршалып, су жүйесі орнатылған. 179 талды құрайтын саябақ Ерсін Мұқашев атындағы мектепке қайтарымсыз негізде берілді.
— Бұл бастаманы өткен жылы Май ауданының 85 жылдығын атап өту кезінде көтерген болатынмын. Ұсынысымды ауыл азаматтары бірден қолдады. Сөйтіп, осы ауданда туып-өскен белгілі азаматтардан қаржы жинау мақсатында тізімін жасай бастадық. Тізімге 200-ге жуық адам еніп, оның 123-і біздің бастамамызды қолдады. Жалпы, 3 млн теңге жиналды. Кей адамдар саябақтың құрылысына атсалысты. Құрылыс жұмыстары осы жылдың қаңтар айында басталды. Одан бөлек, саябаққа ағаш егу мақсатында алдымен Торайғыров университетінің ғалымдарының ақыл-кеңесіне жүгіндік. Олар жерден сараптама алып, қандай ағаштарды егуге болатынын айтты. Ал Баскөл ауылының азаматы Дәулет Мұстафин су тарту ісін қолға алып, схемасын жасап, су тартты. Оған қоса, Торайғыров университетінің Агротехнология факультетінің деканы Жастілек Уахитов осы ауылдағы Ерсін Мұқашев атындағы орта мектеппен меморандумға отырды. Меморандум аясында жоғары оқу орнының ғалымдары аллеядағы ағаштарға ғылыми сараптамалар жасайды және мектептің жас зерттеушілеріне қолдау білдіреді, —
дейді Е.Байғұрманов.
Шара барысында жиналған қауым жүрекжарды тілектерін жеткізіп, қан майданда қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. Шара аясында алаңға 200-ге жуық қайың, шырша, алма, қарағай, шие және терек талы отырғызылды.
Айдана БОРАНБАЕВА.