Желтоқсанның алғашқы аязды күндері тағы да екібастұздықтарды тоңдырды. Яғни, жақында «Екібастұзжылуэнерго» орталығында ақау шығып, салдарынан шахтерлар шаһарындағы бірқатар тұрғын үйде жылу параметрлері төмендеп кеткен еді. Бұл мәселе қазір қалай шешілуде? Сондай-ақ, ауылдағы ағайынның жақсы да жайлы өмір сүруі үшін жүзеге асып жатқан «Ауыл — ел бесігі» жобасына қазынадан қомақты қаржы құйылуда. Нәтиже қандай? Осы және өзге де сұрақтар кеше облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.

Нұржайна ШОДЫР

Тұрғындар тоңбауы тиіс!

Аймақ басшысы алдымен қақаған қыста екібастұздықтардың қиындыққа тап болмауы қажет екенін қадап айтып, осы бағытта коммуналдық салада атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныс болды. Қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов аталған жағдайға байланысты алаңдауға еш негіз жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, шаһардағы 702 көпқабатты тұрғын үйдің 27-нен шағым түскен. Осыған байланысты тиісті мамандар орын алған олқылықтарды қалпына келтіру үшін тәулік бойы қызмет көрсетуде. Бүгінде 6 қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр, ал 3 қазандық резервте, 1 қазандыққа жоспарлы түрде жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, арнайы комиссия құрылып, әр тұрғынның мәселесін жіті қарауда. Нәтижесінде, қазіргі күні қаладағы жылу беру параметрі 95 градусқа жеткен. Жиында облыс орталығындағы бірқатар көпқабатты үйдің де аязды күндері салқындап кеткені жайлы тұрғындардан шағымдар түскені сөз болды. Облыс әкімі аталмыш жағдайға жауаптыларға көпқабатты үйлердегі температуралық режимнің талапқа сай болуын қадағалап отыруды тапсырды. Әзірге қаладағы үйлер мен ғимараттарға жылу қалыпты жағдайда берілуде.

Нәтиже бар, дегенмен…

Алқалы жиында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жылға жоспарланған жобалар жайы да талқыланды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук биыл аталған жоба бойынша 26  ауылда жалпы құны 9,5 млрд теңгені құрайтын 85 жоба іске асып жатқанын мәлімдеді.

— Осы жылдың алғашқы 11 айының қорытындысы бойынша 12 мыңнан астам тұрғыны бар 10 ауылдық округте жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды. Қосымша 204 жұмыс орны құрылды. Ал 15 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Оның ішінде 6 жоба 25 желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Шарбақты ауданы Хмельницкий ауылында спорттық сауықтыру кешені және Екібастұз қаласының Бәйет, Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында екі мәдениет үйі салынуда. Павлодар ауданы Новоямышев елді мекеніндегі балабақшаға қосалқы ғимараттың құрылысы бой көтеріп, Ақтоғай ауданы Әуелбек және Железин ауданы Веселая роща ауылдарындағы 2 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, жалпы ағымдағы жылы аталмыш жоба бойынша жоспарланған жұмыстардың 90 пайызы аяқталған. Алайда олқылықтар да жоқ емес. Мәселен, жыл қорытындысы бойынша 2 жобаның аяқталмай қалу қаупі бар. Бұл жобалардың қатарында Ақтоғай ауданының Қараоба ауылында салынып жатқан спорттық кешен мен Павлодар ауданы Заңғар мектебі ғимаратының жанынан шағын орталыққа арналған қосымша нысаны бар. Мұндағы құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған. Басқарма басшысы, сондай-ақ, ауылдықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бағдарлама бойынша келесі жылы атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.

— 2024 жылы жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын 54 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 5,6 млрд теңге облыстық қазынадан, қалған 3,2 млрд теңге республикалық бюджет есебінен түсетін болады. Бұған қосымша өзге де көздерден қаражат құйылып, облыстағы 14 ауылды дамытуға шамамен 10 млрд теңге бағытталатын болады. Бұл қаражатқа 8 спорттық сауықтыру кешені, мәдени-демалыс орталығы салынып, жолдар жөнделеді, ауылдар жарықтандырылады, электрмен жабдықтау жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар, 8 білім және мәдениет мекемесі, 1 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген жоспар бар, — деді Ирина Назарчук.  Оның айтуынша, келесі жылы аймағымызға қарасты бірқатар елді мекенді дамыту мақсатында ілкімді істер қолға алынбақ.  Сондай-ақ, 2024 жылы іске асырылатын жобалар бойынша ағымдағы жылдың қараша айынан бастап мемлекеттік сатып алуды жариялау рәсімдері басталып, жеңімпаздар анықталуда. Аймақ басшысы алыстағы ағайынның игілігі үшін жүзеге асып жатқан бағдарламаның жемісті болуына өңір әкімдері тікелей жауапты екенін айтып, жұмысты үйлестіру олардан талап етілетінін ескертті. Сондай-ақ, жиналыста орман шаруашылығы мәселелері де қаралды. Өңірдегі орман қорының жалпы ауданы 478,7 мың га құрайды. Мемлекет басшысының орман қорын ауқымды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде ормандарды молықтырудың кешенді жоспары бекітілді. Өрттен және заңсыз кесуден келген шығындарды мекемелер орман ағаштарын отырғызу арқылы қалпына келтіруде.