Соңғы жеті жылда облыс аумағында 2,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Баспананың басым бөлігі (60 пайыз) облыс орталығында тұрғызылған. Қазірдің өзінде Павлодар қаласында зәулім үйлер жылдам салынып жатыр. Бағасы туралы әңгіме бөлек, бастысы кірпіші сапалы қаланса болғаны.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаев аймақтағы тұрғын үй құрылысы жайлы ақпарат берді.

– Биыл облыста 146,3 мың шаршы метр, яғни, 2148 пәтерлі 20 үйдің құрылысы жүргізілуде. Ақсу қаласында 522 пәтерлі 5 үйдің, ал Екібастұз қаласында 252 пәтерлі 3 үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Олардың басым бөлігі биыл қолданысқа беріледі. Облыс орталығына келетін болсақ, биыл «Сарыарқа» шағын ауданындағы №28, 33, 39, 40, 41 үйлердің құрылысы аяқталады. Осылайша, аталған шағын аудан барлығы 3500 пәтерлі 42 көпқабатты үйден тұратын болады, – дейді А.Сатабаев.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданында 906 пәтерлі 7 үйдің құрылысы жалғасып жатқанын атап өткен жөн. Жалпы, облыс бойынша бүгінде 20 үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 17-і биыл пайдалануға беріледі.

Қазір «Екібастұз» десе жылыту мәселесі ойға оралатыны рас. Десе де, көмірлі шаһарда тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Мәселен, Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бүгінде жалпы ауданы 13 мың шаршы метрді құрайтын 3 үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 144 пәтерлі 2 үй (7,5 мың шаршы метр) іске қосылады.

Облыстық құрылыс басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, Екібастұз қаласындағы №21 шағын ауданда салынып жатқан №6 үйдің бас мердігері – «INTERNATIONAL CONSTRUCTION GROUP» ЖШС. Қосалқы мердігер – «Гидропром» ЖШС. Жоба құны – 1 244,7 млн теңге. Бұл үйдегі пәтерлер саны – 72 (1 бөлмелі – 18, 2 бөлмелі — 36, 3 бөлмелі-18). Бүгінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, тұрғын үй жуырда қолда-нысқа берілмек.

Осы шағын аудандағы қалған 2 үйдің құрылысын да жоғарыда аталған мердігерлер қолға алды. Пәтер саны да бірдей. Оның біреуі биыл қолданысқа берілсе, біреуі келесі жылы іске қосылмақ.

Сонымен қатар, 2023 жылдың республикалық бюджетін нақтылау кезінде әлеуметтік осал топ өкілдеріне жалдамалы баспана алуға 5 млрд теңге бөлінді. Бұл сомаға 591 пәтер келеді.

Оралхан ҚОЖАНОВ.