Photo Valeriy BUGAYEV

Өткен аптада облыс орталығындағы көне нысандардың бірі – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, өз жолаушыларына есігін айқара ашты. Ғимараттың қасбеті жаңарып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері жаңғыртудан өтті. Айта кетейік, аталмыш нысан соңғы рет 20 жыл бұрын жөндеуден өткен болатын.

 

Жаңаша кейіпке енген вокзал ғимаратында жолаушыларға сервистік қызмет көрсетудің барлық үлгісі қарастырылған. Жолаушылардың игілігі үшін өзіне-өзі қызмет көрсететін төлем терминалдары бар. Пойыздардың жол жүру кестесі, ақпараттық-анықтама тақтасы, ұжымдық пайдалану таблосы, ақпараттық дүңгіршек те вокзал ішінен табылады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін екі бірдей жеделсаты орналастырылған.

Аймақ басшысы экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласының халық үшін маңызын атап өтіп, темір-жолшылар жұмысына сәттілік тіледі. Айтуынша, жөндеуден өткен жолаушылар ғимаратында барлығы заманауи дизайн мен ыңғайлылық талаптарын ескере отырып жасалған. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттағы бейнебақылау камераларының саны да айтарлықтай көбейген.

– Теміржол вокзалдары әр өңірдің «визиткасы» сынды. Қалаға келген-кеткен, тіпті пойызбен өткен жолаушы халықтың елді мекен туралы алғашқы әсері осы вокзалдан, оның қызметінен басталатыны да белгілі. Бұл теміржол вокзалын Павлодар қаласының мыңдаған тұрғыны мен қонақтары күн сайын пайдаланады. Аталмыш ғимарат соңғы 20 жылда мүлдем жөндеу көрмеген. Вокзалды қайта жаңарту бойынша жұмыстар өңірдегі қала құраушы компаниялардың бірі – «KAZ Minerals Boshakol» есебінен жүргізілді. Мұнда жылумен және сумен жабдықтау, кәріз, жарықтандыру жүйелері толығымен жаңарып, күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда мұнда халыққа қызмет көрсе-тудің сан үлгісі қарастырылған. Телефондар мен ноутбуктерді зарядтауға арналған арнайы розеткалармен жабдықталған орындықтар, демалуға арналған орындар, ана мен бала бөлмесі, намазхана, тамақтандыру орындары бар, – деді А.Байханов.

Айта кетейік, Павлодар вокзалын күрделі жөндеуден өткізу үшін 1,3 млрд теңге қаражат жұмсалған. Қайта жаңғырту жұмыстары демеушілердің есебінен жүргізілді. Дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары Екібастұз қаласындағы темір жол вокзалында да жалғасын таппақ.

– Қазіргі уақытта акционерлермен және станция басшылығымен алдын ала келісім жасалды. Сәуірдің 25-і шамасында мемлекеттік сараптамадан өтіп, жөндеу жұмыстары басталады. Инфрақұрылымды жобалау мен жаңарту Павлодар станциясына ұқсас болады. Біз оны шамамен 980 миллион теңгеге бағалап отырмыз, бірақ нақты сомасын мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шыққанда белгілі болады, – деп толықтырды облыс әкімі.

Сонымен қатар, Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталып, нормативтік мерзімде аяқталғанын жеткізді.

– Фасадқа қатысты үлкен мәселе туындады. Атап айтсақ, ескі мәрмәр қирап, апатты жағдай туғызды. Одан бөлек, вокзал қабырғаларында көлемі 2,5-1,5 метрді құрайтын витраждар орнатылған болатын. Олар темір жолға жақын орналасқандықтан үнемі тербеліс үстінде болды. Сол себепті, витраждардың 30 пайызы сынған еді. Күрделі жөндеуден соң шыны қабырғалардың санын азайттық. Сондай-ақ, станцияда мүмкіндігі шектеулі жандардың перронға оңай көтерілуі үшін екі жеделсаты және екінші-үшінші жолдарға көтергіш орнатылды. Әр жерде болған күту залдарын біріктіріп, 222 адамға арналған арнайы зал жабдықтадық, – деді Қ.Қашкиров.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.