Биыл кеншілер қаласындағы жылу беру маусымы ойдағыдай өтуде. Жылу-электр орталығындағы төрт қазандық тұтас қаланы жылытып отыр. Тағы төртеуін жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Сонымен қатар, жылу жүйесін жақсарта түсу үшін жаңа магистраль салынуда.

Екібастұз қаласында жаз бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесі байқала бастады. Бұған дейін басқарушы ұйымы жоқ, қыс бойы салқын тартып тұрған үйлер қазір айтарлықтай жылы. Оны демалыс күні кеншілер шаһарына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов та байқады. Аймақ басшысы бірнеше көпқабатты баспанадағы жылу параметрлерін тексеріп, тұрғындармен тілдесті. Айталық, Әуезов көшесі, 79 мекенжайындағы үйде соңғы бірнеше жыл бойы пәтер иелері кооперативі болмаған-ды. Сондықтан жылуға қатысты түйткілдер де жиі туындайтын. Ал биыл тұрғындар жаңа қызмет көрсету ұйымын таңдап, қаражат жинап, үй ішіндегі жылу, су, кәріз желілерін жөндеді. Келесі жылы шатырды жаңартуды жоспарлап отыр. Сол сияқты Кеншілер көшесі, 93 үйіндегі пәтер иелері де мәселелерді біртіндеп шешіп келеді. Тұрғындардың айтуынша, қазір үйлері жылы, жекелеген жылу желілерінде туындайтын ақаулар уақытылы жойылады.  Одан кейін Асайын Байханов қаланың жылумен жабдықтау жүйесін ретке келтіруге және бірнеше шағын ауданның гидравликалық параметрлерін жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа №7/1 жылу магистралінің құрылысын тексерді. Қазір мұнда құбыр төселетін жерді қазу, монолиттерді, жылу камераларын орнату және монтаждау, гидрооқшаулау, компенсаторларды қою және тағы басқа жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде 12 шақырым болатын техникалық су құбырының 7,5 шақырымы салынды. Нысанды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Аймақ басшысы құрылыс нысан-дарындағы жұмыстың барысын бақылаған соң жедел штабтың отырысын өткізді. Алдымен Мемлекет басшысының атынан «Ерен еңбегі үшін» медалін «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкері Сергей Угаркинге табыстады. Сергей Николаевич Республика күніне орай өткен салтанатты жиынға қатыса алмаған еді. Сондықтан мемлекеттік марапат төтенше жағдайдың салдарын жоюда атсалысқан азаматқа Екібастұзда берілді. Сонымен қатар, Асайын Қуандықұлы «СредАзэнергомонтаж Павлодар» ЖШС слесарі Әли Мамедовқа өзі бейнеленген картинаны сыйға тартты. Белгілі болғандай, павлодарлық суретші Светлана Кравченко слесарьдің жұмыс барысын аймақ басшысының әлеуметтік желісіндегі видеодан байқап қалып, оны қағазға түсірген. Таяуда өткен көрме кезінде облыс әкімі сол картинаны байқап, автордан сатып алып, суреттің иесіне табыстады. Осы орайда Асайын Байханов қала құраушы кәсіпорындарындағы жөндеу бригадаларының қосқан елеулі үлесін атап өтіп, оларға төтенше жағдай кезінде күндіз-түні аянбай еңбек еткені үшін алғысын білдірді. Жедел штаб отырысы барысында жылу-электр станциясының қазіргі жағдайы қаралды. Бүгінде орталықта 10 қазандық агрегаттың төртеуі істеп тұр. Тағы екеуі — резервте. Қалған 4 қазандықты жөндеу жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Жұмыстарды осы айдың соңына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, тұрғын үй инспекциясының мамандары жылу желілерінің қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындардан шағымдар түскен 20 көпқабатты үйде тиісті жұмыстар жүргізді. Әрбір жағдай жеке талданып, қажетті техникалық шешімдер қабылданды. Ол өз кезегінде осы үйлердегі гидравликалық режимді жақсартуға ықпал етті. Асайын Байханов жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Екібастұз тұрғындары жазатын өтініштер санының бірнеше есе азайғанын атап өтіп, қызмет көрсететін ұйымдары жоқ 182 үйге ерекше назар аударып, осы тәжірибені жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындардың ортақ мүлкін сақтауды қамтамасыз ету және үй ішіндегі инженерлік коммуникация-ларды уақытылы жөндеуді қамтамасыз ету үшін басқару нысандарының бірін таңдау бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек