Асфальтті жолға ауысты

Қаз 1, 2026

Облыста биыл жергілікті маңыздағы және елді мекендер көшелеріндегі 332 шақырым жолға жөндеу жүргізілуде. Осы бағытта 102 жоба іске асуда. Қазіргі таңда жоспарлы жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Өңірде жолдардың 115 шақырымы қиыршықтастан асфальтті жабындысына ауыстырылған.

Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Фархат Оспанов мәлімдеді. Жалпы, өңірімізде жергілікті маңыздағы жолдың ұзындығы – 3852 шақырым, оның 2730 шақырымы аудандық маңызға жатады.

– Облыстық маңыздағы жалпы ұзындығы 34,6 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу бойынша үш жоба іске асырылуда. Солардың біріне тоқталсам, бұған дейін тұрғындар тарапынан өтініш-шағым көптеп түскен Майқайың-Екібастұз бағытындағы жолдың 23 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде. Екі жылдық жобаны биыл бастап, аяқтаймыз. Сонымен қатар, өңірімізде 77,4 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолының 10 учаскесі жөнделуде. Ақтоғай ауданында Басқамыс-Қарақожа-Шұға-Жолболды жолының 15 шақырымы топырақты жол асфальтты жабындысына ауыстырылды. Ертіс ауданындағы ірі жобалардың бірі Голубовка-Қызылқақ автомобиль жолының 20 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Мұнда да топырақты жол асфальтталды, – дейді Фархат Айтмағамбетұлы.

Ауылішілік жолдар да назардан тыс қалмаған. Елді мекендерде жалпы ұзындығы 224 жол жөнделді. 2023-2025 жылдары болашағы бар 91 ауылдың 297 шақырым кіреберіс жолы жөнделген. Биыл 21 шақырымдық 17 кіреберіс жол ретке келтірілген. Қалған төрт жоба 2027 жылы іске асырылмақ.

Автомобиль жолдарындағы тесіктерді жамау жұмыстары да іске асырылуда. Қазіргі таңда 122 мың шаршы метр аумақта осындай шаралар жүзеге асқан. Яғни, жоспардың 87 пайызы орындалған. Басқарма өкілі жалпы өңірдегі жоспарлы жұмыстар толық аяқталған соң жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 97 пайызға жететінін атап өтті. 2027 72,5 шақырымдық екі жобаны, 4 ауылдың кіреберіс жолын жөндеуді қаржыландыру жоспарланған.

Аймағымыздың аумағынан өтетін республикалық деңгейдегі жолдың да жайы айтылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Ермұрат Нұрхановтың мәлімдеуінше, 132,2 километр жолға күрделі, орташа жөндеу жұмыстары, жаңадан жол салу жобалары іске асырылуда.

Мәселен, Атамекен-Ертіс-Русская поляна бағытындағы жолдың 24 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Биыл 6 шақырымға асфальт төселеді. Қалғаны келесі жылы жүзеге аспақ. Ал ағымдық жөндеумен 105,5 километр жол қамтылады. Мұнда үш жоба бар. Астана-Шідерті-Павлодар-Успен-РФ шекарасы бойында Шідерті маңында 22,5 шақырым жолға ағымдық жөндеу жүргізілуде. Қазан айының ортасында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара бағыты бойынша жағдайы нашар ішінара таңдалған 67,9 шақырымға орташа жөндеу жүргізіледі. Екі жылдық жобаны биыл аяқтау көзделген. Ал Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Ақжар-Курчатов бағытында 15 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Бұл аралық қолданысқа тамыз айында берілген. 2027 жылға ұзындығы 72,5 шақырымдық 2 жоба жоспарланған.

Сонымен қатар, Павлодардан Ақсуға бағыт алатын «Нұрлы жол» көпіріне жөндеу жүргізіледі. Он жыл қызмет еткен көпірге жөндеу жүргізу мерзімі келген. Яғни, асфальттің беткі қабаты ауыстырылады, жарықтандыру жаңартылып, бөгеті бекітіледі. Жөндеу кезінде көлік қозғалысына толық шектеу қойылмайды.

«ҚазАвтоЖол» өкілі Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдегі жұмыстардың барысына тоқталды. Мұндағы жұмыстарға қазіргі атңда 86 арнайы техника мен 290 адам тартылған. Биыл жыл соңына дейін көпірдің аралық құрылысын қосуды аяқтамақ. Бүгінде бетонды аумақтың 70 метрі қалған. Көпірге апаратын кіреберіс жол салу жұмыстары жүргізілуде. Көпір келесі жылы қолданысқа беріледі деп межеленген.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.