«Цифрлық егізі» енгізіледі

Қыр 24, 2026

Облыс орталығында бұдан былай жылу желіле-рінде орын алған апатты анықтау әрі салдарын жою бұрынғыдан жылдамырақ болмақ. Осы мақсатта қалада жылу желілерінің «цифрлық егізі» қолданысқа енгізілмек. Желілердің цифрлық көшірмесінің көмегімен нақты қай тұста ақау пайда болғанын қашықтан көруге мүмкіндік туады.

Мұндай жаңашылдық «Павлодар жылу желілері» кәсіпорнында қолға алынып отыр. Жоба жайлы жобалаушы компанияның техникалық директоры Николай Дудник мәлім етті. Жылу желілерінің цифрлық егізін биыл жыл соңына дейін қолданысқа енгізу көзделген. Қазіргі таңда жылу желілеріндегі камералар, әрбір жылу желісінің учаскесі электронды картаға түсірілуде. Жобаның құны 415 млн теңгені құраған.

Аталмыш жүйеде барлық жабдықтардың, жылу камераларының, құбырлардың және жылумен қамту торабының өзге де нысандарының ахуалы туралы деректер біріктіріледі. Жобалаушылардың мәлімдеуінше, жоба екі негізгі бөліктен тұрады. Бірін-шісі – диспетчерлік бақылау жүйесі. Мұнда нақты уақыт режимінде жылу желісіндегі қысым мен температура, тиекті арматураның қалай тұрғанына дейін көрініп тұрады. Бүгінде қысым мен температураның датчиктері алты жылу камерасында, сонымен қатар, орталық жылу пункттері мен сорғы станцияларында орнатылыпты. Диспетчер орталығының мамандары барлық технологиялық өлшемдерді алыстан көріп тұрады. Егер бұл өлшемдер белгіленген шектен асып немесе төмендеп кетсе, бірден дабыл белгісі беріледі. Осылайша, тиісті мамандар ақаулы аумақ туралы ақпаратты алыстан-ақ алады.

Ал жобаның екінші бөлігі – гидравликалық модельдеу. Картада жылу желісі тұтас көрініп тұрады. Мамандар әр нысан бойынша ақпаратты электронды түрде көріп тұратындықтан түрлі әрекеттердің салдарын алдын ала бағамдай алады. Желідегі жұмысты гидравликалық тұрғыдан модельдеуге көмектеседі. Мәселен, белгілі бір тиекті жауып тастаса, жүйе гидравликалық жүктемені өзгертіп, желі жұмысының қалай өзгергенін көрсетіп беретін көрінеді. Қандай да бір жағдайда ақаулы аумаққа ең жақын тиекті арматураны анықтау керек болса, жүйе нақты қайсысын жабу керектігін көрсетеді. Осылайша, ақаулы аумақты оқшаулап, барынша жылдам ретке келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ақаулар туралы ақпарат жинақталып, талдау жасалады.

Алдағы уақытта кәсіпорынның цифрлық платформасын одан сайын толықтыру жоспарланған. Мәселен, диспетчерлік қызметтің абоненттік бөліммен өзара байланысы автоматтандырылмақ. Яғни, жылу желісінің белгілі бір бөлігін ажыратса, ол туралы тұрғындарға хабарлама автоматты түрде түседі.

– Жылу желісінің цифрлық егізі жыл соңына дейін енгізіледі. Мамандар арнайы оқытылады. Мұндай жоба Екібастұзда өзінің тиімділігін көрсетті. Сондықтан облыс орталығында да оң нәтиже беретініне сенімдіміз. Бұл жоба ақау орын алғанда бригаданы жылдам жіберіп, уақыт үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Жедел қызмет мамандарының жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, – дейді «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары Жанат Семенов.

Кәсіпорын өкілі биыл Павлодар қаласында жылу желілеріне қатысты жүргізілген жұмыстарды да атап өтті. Облыс орталығында жалпы 834 шақырым жылу желісі болса, жыл соңына дейін олардың тозу көрсеткіші 85,5 пайызды құрайды деп күтілуде. Жыл басында 93,6 пайыз болғанын айта кету керек. Жөндеу жұмыстары магистральдік желілерден кварталішілік желілерге ойысқан. Яғни, қала әкімдігі биыл аулаішілік құбырларды ауыстыруға басымдық берген. Мұндай қарқынды жұмысты көп-шілік Усолка шағын ауданынан көріп отыр. Мұнда бүкіл кварталішілік жылу желілері ауыстырылған. Одан бөлек, Ломов көшесінен Жаяу Мұса көшесіне дейінгі аумақта да жаңартылған. Ломов көшесі 32,34,36, мекенжайларында ішкі құбырлар ауыстырылған.

Кәсіпорын өкілі Жанат Семеновтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Усолка шағын ауданында жылу және ыстық сумен қамтитын құбырларды ауыстыру, негізгі жөндеу жұмыстары аяқталған. Тек абаттандыру шаралары жүргізілуде.

Сонымен қатар, кәсіпорын алдағы төрт жылда инвестициялық бағдарлама және «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласының барлық орталық жылу пункттерін толық жаңартпақ. Қалада мұндай 23 нысан бар. Биыл алғашқысы №69 орталық жылу пункті жаңартылған. Мұнда барлық механикалық жылу жабдықтары, жабдықтардың электр-техникалық бөліктері, қасбеттік бөліктері ауыстырылған. Бұл жұмыстарға
150 млн теңге бағытталған.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.