Жарық жиі өшпеуі үшін…

Қыр 24, 2026

Облыста бүгінде электр желілерінің 66,22 пайызы ескірген. Жаңартуды қажет ететін жабдықтардың үлесі де аз емес. Әрекет етпесе, жыл өткен сайын жарықтың жиі өшіп, тұтынушыларға жайсыздық тудыру қаупі арта түседі. Осыны ескерген құзырлы мекемелер инфрақұрылымын жақсартуға инвестиция құюды қолға алды. Бұл жұмыстардың жүйелі жүргізіліп, ауқымын арттыруда елімізде іске асып жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасының септігі тиюде.

Мәселен, «Павлодар электр тарату компаниясы» 2026 жылға инвестициялық бағдарламаға 5,8 млрд теңге қарастырған. Оның 3 млрд теңгесі аталған ұлттық жоба аясында кәдеге жаратылмақ. Бұл туралы аталмыш кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстарына арналған баспасөз туры кезінде белгілі болды. Іске асып жатқан бірқатар жобалар таныстырылды.

«Павлодар ЭКТ» кәсіпорны бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Алексей Толстыхтың айтуынша, жаңғырту, желілері жаңарту кезінде апаттық өшірулер жиі орын алған учаскелерге басымдық беріледі. Апаттық өшіру жағдайлары кейде ауа райының қолайсыздығынан, кейде механикалық зақымданулар кезінде орын алады. Биыл жыл басынан бері облыста электр желілері бойынша 900 апаттық өшіру тіркелген. Кейбір жағдайда кезінде газбен жабдықталған үйлердің электр желілерін қазіргі жүктемеге қайта жабдықтамау да себеп болатын көрінеді. Олқылықты реттеу үшін электр тарату кәсіпорны тұрғын үйлердің басқарушылық ұйымдарына желілерді қайта құруға қатысты ылғи ұсынымдар жолдайды. Жалпы, апаттық өшірулер салдарынан тұрмыстық техникалардың істен шығу деректері де бар көрінеді. Компанияға айына осындай мазмұндағы 1-2 өтініш түседі. Мұндай кезде себебі анықталып, сотқа дейін реттеуге мән берілген. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында қолға алынып отыр.

– Барлық жаңғырту, желілер мен жабдықтарды ауыстыру апаттылықты, электр желілерінің тозығын төмендетуге, тұтынушыларды электрмен қамту бойынша көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Мұндай ауқымды жұмыстар облыс орталығында ғана емес, Ақсу қаласында, аудандарда да жүргізілуде. Биыл 134 шақырым желі, 45 жабдыққа жаңғырту, ауыстыру жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда электр желілерінің 66,22 пайызы тозған. Биыл салынған инвестициялар бұл көрсеткішті 0,05 пайызға төмендетеді, – дейді Алексей Толстых.

Кәсіпорын өкілі алдағы уақытта инвестиция көлемін айтарлықтай ұлғайту керектігін айтады. Бүгінде облыстағы желілер мен жабдықтардың тозығы жағынан сары аймақта. Ұлттық жобаның дәл осы бағытта көмегі көп болмақ. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда аймағымызда электр желілері мен жабдықтарын жаң-ғыртуға бағытталған инвестиция 1,5 млрд теңгеге өскен. Ал 2027 жылы ұлттық жоба шеңберінде 16 млрд теңге жоспарланып отыр.

Енді биыл қолға алынған бірқатар жұмыстарға тоқталсақ. Павлодар қаласында 11 жаңа кешенді трансформаторлық қосалқы станция салынуда. Олардың жұмысын қам-тамасыз ету үшін жаңа кабельдік желілер тартылған. Мұндай жаңа станциялардың бірі Генерал Дүйсенов көшесі бойында тозығы жеткен трансформаторлық қосалқы станцияның орнына орнатылды. Бұл станциядан 129 жеке тұлға мен 22 заңды тұлға жарыққа қосылған. Ескілері 40 жылдан астам қызмет еткен. Компания өкілінің мәлімдеуінше, сондай-ақ, Ақсу қаласында 10 жаңа кешенді трансформаторлық станция орнатылады. Мұндай станциялардың құны қуаты мен құрылысына қарай 7 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін жетеді.

Ал облыс орталығында «Шығыс қалалық» қосалқы станциясының №11 фидерінің әуе желісі жаңғыртылуда. Жұмыстың 70 пайызы аяқталған.

– Бұл желіге 400-ден аса тұтынушы қосылған. Мұндағы желілердің бір бөлігі — кабельдік, тағы бір бөлігі – әуе желілері. Біраз әуе желілерін кабельдік желілерге ауыстыру шешімі қабылданды. Өйткені, кейбір тұстары жеке тұрғын үйлер бойымен өтеді. Яғни, құрылыс қарқынынан әуе желілерінің қорғаныш аймағы бұзылып, қажет болған жағдайда жұмыскерлеріміздің жөндеу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызады. Осы мәселені шешу үшін әуе желілерін кабельдікке ауыстыру көзделген, – деді Алексей Толстых.

Тұтынушылар кейде түн ішінде жарықтың бірер сәтке неліктен өшірілетінін білмей, таңданыс танытады. Тұтынушыға электр қуатын тарататын кәсіпорын өкілі мұның себебін түсіндірді. Айтуынша, жөндеу жұмыстары сызбасын дайындау мақсатында мамандар желіні бірінен екіншісіне ауыстырып қосуды түнде жүргізеді. Яғни, күндіз жайсыздық туғызбай, көпшіліктің ұйқыға кететін уақытын пайдаланғанды жөн санайды.

Қалалардан бөлек, аудандардағы электр желілерін де жаңарту назардан тыс қалмаған. Мәселен, биыл Баянауыл ауданында 10 киловаттық әуе желісі жаңартылуда. Нақтысы, мұнда 15,6 шақырым әуе желісінің жалаң сымдары оқшауланған сымға ауыстырылуда. Бұл желі 993 жеке тұлға мен 125 заңды тұлғаны жарықпен қамтып отыр. Аталған жұмыстар аудан орталығындағы тұтынушыларды электрмен қамту сапасын, желілердің сенімді жұмысын арттырады деп күтілуде. Технологиялық ақаулар туындау қаупі төмендеп, электр қуатын тарату желілері жұмысының тұрақтылығы артпақ.

Сонымен қатар, 2026 жылы энергетиканың инвестициялық бағдарламалары шеңберінде трансформаторлық қосалқы станциялар мен монтер бекеттерінің 15 ғимараты жаңғыртылады. Олардың битум негізіндегі рубероидтан жасалған төбесі профильденген мырышталған түріне ауыстырылады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.