Бастауға бәрі дайын!

Қыр 10, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Алдағы аптада аймағымызда жылыту маусымы басталады. Алдымен 14 қыркүйектен бастап әлеу-меттік нысандарға жылу беріледі. Айдың соңына қарай көпқабатты үйлер де жүйеге қосылады. Бүгінде маңызды маусымды алаңсыз өткізу үшін қажеттінің бәрі дайын. Қазандықтар жөнделіп, желілер жаңғыртудан өтті.  Бұл ретте соңғы төрт жылда жылу желілерін жөндеу көрсеткіші төрт есе артқанын атап өткен жөн.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында атап өткендей, биыл энергиямен қамту нысандарында 41 негізгі жабдыққа жөндеу жоспарланған. Олардың 22-сінде жөндеу жұмыстары аяқталған. 14 жабдықта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Екеуінде жоспарға сәйкес әлі мерзімі келмеген. Бастысы, ешбірінде жоспардан кешігу дерегі жоқ. Одан бөлек, облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум шеңберінде РОК-2 блок-модульдік бөлу қосалқы станциясына монтаж және №3 қазандықта шаң-көмір жанарғылары ауыстырылған. Міне, осы атқарылған шаралар алдағы жылыту маусымында жылу көздері жұмысының сенімділігін арттырады деп күтілуде.

Биыл алғаш рет электрмен қамту желілерін жөндеу жұмыстары үш қаржы көзінен қаржыландырылған. Яғни, энергия жеткізу компанияларының инвестициялық бағдарламалары арқылы 53,7 шақырым желі, бюджеттік инвестиция аясында 96,6 шақырымдық 9 жоба жоспарланған. Үшіншісі – «Энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 82,1 шақырым желі тартылады. Қазірдің өзінде атқарылған жұмыстар нәтиже беруде. Е.Иманзаиповтың мәлімдеуінше, 2022 жылмен салыстырғанда электр желілеріндегі ақау былтыр 35 пайызға төмендеген. Аталған күрделі жөндеу жұмыстарынен бөлек, 2393 шақырым электр желісі мен 790 жабдыққа ағымдық жөндеу жүргізілуде.

Қуантарлығы, облысымыз жылу желілерін жөндеудің максималды көрсеткіші 48,9 шақырымға жеткен. Қазіргі таңда облыс республика көлемінде жылумен қамту саласында жүзеге асырылған жобалар жағынан көшбасшы орынға шыққан әрі оларды 100 пайыз аяқтау бойынша – бірінші орында.

2022 жылмен салыстырғанда биыл жылу желілерін жөндеу көрсеткіші 4 есеге артқан. Оған Президенттің бастамасымен қолға алынған жоғарыда аталған ұлттық жобаның септігі тиіп отыр. Осы ұлттық жоба бойынша өңірдің үш қаласында жылу магистральдары салынды. Бұл жұмыстар 900-ден астам көпқабатты үйлердің гидравликалық режимін жақ-сартып, жылумен қамту сенімділігін арттырмақ.

– Үш қалада жылу желілерінде гидравликалық сынақтар өткізілді. Нәтижесінде 794 зақым анықталып, бәрі жойылды. Бүгінде көпқабатты үйлердің бәрі ыстық сумен қамтылды. Жалпы, жүргі-зілген жұмыстар оң нәтиже беруде. 2022 жылдан беру жылыту маусымында технологиялық бұзылу деректері 4 есеге азайды, – деді Е.Иманзаипов.

Аудандарда да дайындық жүйелі жүргізілген. Биыл 58 қазандық күрделі жөндеуден, 418-і ағымдық жөндеуден өткізілген. 100 жылу қазаны ауыстырылған. Бүгінде облыста барлық әлеуметтік нысандар жылыту маусымына дайын. Ал үш қалада 2526 көпқабатты үйдің 62-сінде дайындық актісі жоқ көрінеді. Облыс әкімі Асайын Байханов қала әкімдіктерімен бірлесіп, бұл үйлерді реттеуді тапсырды.

«Қазгидромет» мекемесінің болжамы бойынша қыркүйекте қалыпты ауа райы болмақ. Үшінші онкүндігінде ғана сәл салқындайды деп күтілуде. Дегенмен, аймақ басшысы ауа райының болжамына қарамастан әлеуметтік нысандарды уақытылы жылуға қосу қажеттігін атап өтті.

– Облыс алдағы маусымға толық дайын. Ауа райы болжамы бойынша қыркүйек жылы болса да, әлеуметтік нысандарды 14 қыркүйектен бастап жылуға қоса беру керек. Жылы күндері тұрғындарға қаржылық салмақ түсірмес үшін бюджеттік ұйымдардың жылу жүйелерін толтыра бастаймыз. Мұндай тәжірибе тиімділігін көрсетті. Алдын ала жылу жүйелері суға толтырылса, жылытылған су тұрғын үйлерге уақытылы жеткізіледі. Әйтпесе, күн салқындағанда бүкіл көпқабатты үйлерді бірден жылумен қамту мүмкін болмайды. Өйткені, Павлодар қаласында жылыту маусымына кірерде жылу құбырларында 80-90 мың текше метр су болады. Ол бір-екі айналымнан кейін жылып, температурасы көтеріледі. Осы тәжірибені Ақсу, Екібастұз қалаларына да енгізу қажет, – деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы соңғы үш жылда ауқымды жұмыс атқарылғанын, десе де, әлі жұмыс аз еместігін атап өтті. Яғни, бірінші кезекте Павлодар қаласының магистральдары жаңартылып, енді аулаішілік желілерге кірісті. Облыс әкімі сол тәжірибені Екібастұз қаласына енгізуді тапсырды.

– Екібастұздың ерекшелігі бар. Мұнда жылу желілері жер бетінде суық су құбырларымен қатар салынған. Сондықтан жобалауды екі кәсіпорын екі жақтан жасауы тиіс. Жер астынан өткізетіндей мүмкіндіктері қарастырылуы қажет. Аулаішілік желілерін жаңартудың жол картасын бекіту керек, – деді аймақ басшысы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.