Волейболшы Асқар

Мам 2, 2025

Павлодар облысының спортсүйер қауымына Асқар Серік есімді волейболшы жақсы таныс десек, қателеспейміз. Ала допты бала күнінен жанынан тастамаған спортшы облыстық, ұлттық құрамада өнер көрсетіп, ептілігімен көпшілікті тәнті етіп келеді.

Асқар Серік 1997 жылы Баянауыл ауданы Жаңажол ауылында туып-өскен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы орта мектепті тәмамдап, 2015-2019 жылдары аралығында  Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алады.

— Волейболға 9-сыныпта оқып жүрген кезімде қызыға бастадым. Спорттың осы түрімен айналысуыма ауыл азаматтары себеп болғанын мақтанышпен айтқым келеді. Әсіресе, бапкерлерім Жолан Қанат пен Асылтас Тілеубаев ағаларыма ерекше алғыс білдіремін.

— Жаңажол ауылы 1980-1990 жылдардан бастап волейбол жарысынан намысты қолдан бермей келеді. Өйткені ауыл құрамасы мықты өнер көрсетеді. Сол волейбол мектебінен мен де өттім. 10-11-сыныпта оқып жүргенімде облыстық оқушылар құрама командасымен Өскемен және Семей қаласына барып, волейбол жарысына қатыстым. Алғашқы сапарымнан кейін спортқа кәсіби деңгейде ден қойып, биіктерді бағындыруды мақсат тұттым. Ауылдың тар спорт залында ойнап үйреніп қалған бала үшін өзге қалада облыс намысын қорғау жоғары мәртебе болды, — дейді Асқар Серік.

Волейболшы Асқардың спортқа деген құлшынысы зор болғаны соншалық, ол талабының арқасында жоғары оқу орнына түспей тұрып, 2015 жылдан бастап «Павлодар» волейбол клубында ұлттық лигада өнер көрсете бастаған. Осы клубта 4 жыл тер төгіп, жоғары жетістіктерді бағындырған. Мәселен, 2016 жылы Тараз қаласында өткен жарыста  «Үздік ойыншы», 2018 жылғы маусымда «Павлодар»  спорт клубының ҚР Жоғарғы лигасының чемпионы атануына да үлес қосқан. Сол маусымның қорытындысы бойынша «Үздік орталық тосқауылшы» атағына қол жеткізген. Дәл сол жылы оған ҚР «Спорт шеберіне үміткер» атағы берілген. 2019 жылы Өскемен қаласында өткен жарыста «Үздік ойыншы» атанып, командасы ҚР чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізген.

— 2019 жылы сәтті өнер көрсе-туіме байланысты Қазақстан Республикасының 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ұлттық құрамасына шақырту алып, Мьянма елінің астанасы Нейпьидо қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, 16 мемлекеттен келген мықты командалар арасында 5 орынға жеттік. Бұл –еліміз бойынша жастар арасында бұған дейін болмаған жетістік. 2019 жылы ұлттық құрамадағы ойынымды аяқтап, Түркістан облысына шақырту алып, «Тұран -Түркістан» спорт клубына ауыстым, — дейді Асқар Серік.

Ауылдан шыққан волейболшының жетістігі мұнымен шектелмейді. Ол 2020-2021 жылдары «Ұшқын-Көкшетау» құрамасында ойнаған. Нәтижесінде Көкшетау құрамасы республикалық чемпионатта күміс медальға ие болған. 2022-2023 жылдар аралығында «Павлодар» волейбол клубында өнер көрсетіп, жергілікті құрама республикалық чемпионатта қола жүлдегер атанған. Қазіргі уақытта да үздік волейболшы, «ұлттық лигада облыс намысын қорғап келеді.

— Ауыл балаларына жетістікке қол жеткізу үшін еңбектену керектігін айтқым келеді. Өкінішке қарай, қазіргі оқушылар уақытының басым бөлігін смартфон қарап өткізуде. 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек деген сөз дәл айтылған. Сондықтан спортпен шұғылдануды қалайтын балалар жаттығуға мән беріп, үздіксіз айналысуы тиіс. Еңбек еткен адамның маңдай тері еш уақытта далаға кетпейді. Өзім де ауылдың тар спорт залында жаттығуды бастап, күш-жігерімді осы салаға жұмсап келемін.

Қазір ауылдағы спортқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бұл ретте елді мекендерде шағын футбол, баскетбол, волейбол, жаттығу алаңдары салынуда. Мектептегі дене шынықтыру залдары да жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтылуда. Міне, осындай игі істер балаларды мақсатқа ұмтылдырады. Мықты спортшылар да ауылдан шығады, — дейді жас волейболшы.

Облысымыздың, еліміздің намысын қорғап жүрген Асқарға арманың асқақ болып, биік белестерді бағындыр деген тілек айтамыз.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.