Жастар мен балаларды экология мәдениетіне, табиғатты аялауға және еңбекке баулуға шақыратын «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы Павлодар облысында өз деңгейінде жүргізілуде. Бүгінде 16-34 жас аралығындағы жастар аулаларды абаттандыру, қоршаған ортаны тазалау жұмыстарымен айналысуда.  Алдағы маусым айының ортасында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы салтанатты түрде ашылатын болады.

Жуырда еңбек жасағындағы жастардың атқарып жатқан жұмысымен танысып қайттық.  Облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Русана Сәмекова оқушылар және жастар негізгі 3 бағыт бойынша жұмысқа орналасатынын айтады.

— «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына оқушылар, студенттер, жұмыссыз деп тіркелген жастар қабылданады. Олардың жасы 16-34 жас шамасында болуы шарт. Жұмысқа тұруы үшін міндетті түрде жеке куәлігі болуы тиіс. Заң аясында бір айға  еңбек шарты жасалады. Яғни, жастар бір айдан кейін еңбекақы алуы тиіс.  Екінші айда да еңбек еткісі келетіндер бос орын болған жағдайда тағы да жұмысқа қабылданады. Жалақының көлемі еңбек жасағындағы бағытқа байланысты төленеді. Олар экология және абаттандыру, құрылыс және қалпына келтіру, шығармашылық және ерікті бағыттары бойынша еңбек жасайды. Көп жағдайда жасақтың құрамындағы жастар бірінші бағыт —  экология және абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылады. Ал жаз айында құрылыс жұмыстарына тартылатындардың саны артады.

Жаңа маусым алдағы айдың ортасында салтанатты түрде ашылады. Бірақ «Жасыл ел» жылдың 4 мезгілінде де жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Бүгінде «Жасыл елдің» бірінші жасағы тазалық жұмыстарына тартылған. Жалпы, маусым-тамыз айлары аралығында жасақтағы құрамның саны арта түседі, — дейді Русана Сәмекова.

«Жасыл ел» штабы жетекшісінің сөзіне сүйенсек, жастарға айлық көлемі жұмыс берушімен жасалған келісімшарт аясында және «Жасыл ел» тарапынан берілетін сыйақыға байланысты төленеді.  Экология және абаттандыру бағытында жұмыс істейтін жасақтарға орташа есеппен 65 мың теңге төленсе, құрылыс жұмыстарына тартылатындардың жалақысы 100 мың теңгеден жоғары. Еңбекақы банктағы есепшотқа аударылады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Жасыл ел» еңбек жасағы жыл- он екі ай қызмет етеді. Қыс мезгілінде жастар волонтерлік істермен айналысса, күз және көктем айларында экологиялық акцияларға белсене қатысады. Ал жаз мезгілінде негізі 3 бағыт бойынша жұмыс қыза түседі.

Биыл да еңбек жасағы аулаларды абаттандырып, қоқыстан тазалап, ағаштарды кесу сынды жұмыстарға білек сыбана кіріседі. Ал құрылысқа тартылатын жастар көп жағдайда оқу орындары мен жатақханаларда жүргізілетін жөндеу жұмыстарына тартылады. Бұдан бөлек, медициналық мекемелер мен тұрғын үйдің құрылыс жұмыс-тарына қатыса алады.

— «Жасыл ел» еңбек жасағында түрлі жобалар бар. Жастар жұртшылықты экологиялық мәдениетті сақтауға шақыруда түрлі шаралар ұйымдастырады. Бұл ретте биыл «Жасыл кросс» спорт шарасы өткізілетін болады. Бұдан бөлек, өңірдегі тазалық айлықтарына белсене қатысамыз. Сонымен қатар, бөтелке құтыларын жинап, қайырым-дылық шараларына да атса-
лысамыз, — дейді Русана Сәмекова.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.