Бүгінде мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып, қолдарына орта білім туралы аттестат алып, мамандық таңдаудың алдында тұр. Бірі арман қуып, үлкен қалада білім алуды жалғастыруды қалайды. Енді бірі туған жерден жырақтамай, облыстағы оқу орындарында мамандық меңгеруді ойластырады. Бұл ретте түлектердің қалауы қандай? Олар студенттік өмірді қайда және қалай өткізуді ойластырады? Оны жастардың өзінен сұрап көрген едік.

 

Даяна ҚАЛИ,  Есілбай орта мектебінің түлегі, Шарбақты ауданы:

– Кез келген адам жақсы маман атанып, өмірден өз орнын тауып, кетігін тауып қалануды қалай-тыны белгілі. Осы орайда әр мектеп бітірушінің алдында тұрған басты мақсат – грант иегері атану. Мен мәртебелі мамандық иесі – мұғалім болуды қалаймын. Павлодар облысындағы білім беру сапасы қашан да жоғары. Оған біздің өңір оқушыларының жыл сайын «Үздік олим-пиадалық облыс» аталымын жеңіп алуы дәлел. Жоғары оқу орнындағы профессорлық құрам да біліктілігімен ерекшеленеді. Сондықтан студенттік өмірімді өзім туған өлкеде өткізуді қалаймын.

 

Еркебұлан БІРТАЙ, Қаратерек орта мектебінің түлегі, Май ауданы:

– Мен үшін туған жерді қорғау, Отанға  қызмет ету – қасиетті борыш.  Бала кезімде әскери киноларды тамашалап, сала мамандарының киім үлгісін көріп, оларға қатты қызығатынмын. Өкінішке қарай, біздің облыста әскери мамандық бойынша оқытатын жоғары оқу орны жоқ. Сондықтан таңдауым Қарағанды қаласы Б.Бейсенов атындағы жоғары әскери оқу орнына түсіп отыр. Мұнда оқу тегін екен. Жатын орын, тамақ, әскери киіммен де қамтитын көрінеді. Әрине, ауылдағы мектепті тәмамдай сала бірден басқа қалаға, бөтен ортаға топ ете түсу оңай бола қоймас. Бірақ студенттік шақ сонысымен де қызық деп ойлаймын. Бұл жерде мен үшін бастысы – облыста қалу емес, қалаған мамандығым бойынша сапалы білім алу. Оған қоса, Қарағанды алыс жер емес. Сәті келіп, оқуға түсіп жатсам, офицер атануға қатысты арманыма бір қадам жақындай түсермін.

 

Айтуар  ИМАНҒАЗЫ, №17 мектеп түлегі, Павлодар қаласы:

–  Мен үшін жаңа орта, жаңа білім, жаңа тәжірибе алу маңызды. Сондықтан жоғары білімді қаладан, облыстан тыс жерде алып, маман-дықты меңгеруді қалаймын. Қазіргі уақытта таңдауым Астана қала-сындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне түсіп тұр.

Меніңше, Елорда – жастардың қаласы, студент-тердің нағыз ортасы. Мұнда өз ісінің біліктілігі жоғары мамандарынан білім алудың да мүмкіндігі мол. Жалпы, мен қандай да бір орынға «байланып» қалғанды ұнатпаймын. Әр уақытта алға ұмтылып, жаңа белестерді бағындыру керек деп есептеймін. Осы тұрғыдан қарағанда, Астанада оқудың мүмкіндігі мол. Мұндағы білім беру бағдарламалары арқылы басқа облыстардағы, тіпті шет мемлекеттегі университеттерде де қосымша білім алуға болады. Сол себепті де Елордада мамандық меңгеруді дұрыс деп санаймын.

Сауалнаманы жүргізген –  Даяна ИБАДЕЛЬДИНОВА,   Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.