Мамыр айында мектеп бітіруші түлектерге соңғы қоңырау үні ақырғы рет соғылады. 11-сынып оқушылары балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Алтын ұямен қоштасқалы тұрған түлектердің қазіргі көңіл күйі мен уайымын жақсы білемін. Алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, қалаған оқу орнына грант ұтып алуды армандайтыны сөзсіз. Бұл жағдайды өзім де бастан өткерген едім.

Осы мақаламды болашақ журналист ретінде жазып отырғанымды мақтан етемін. Мен Павлодар  облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 2022 жылғы түлегімін. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Алматы қаласындағы Тұран университетінің студенті атандым.

Журналист мамандығы – саналы түрде қабылдаған алғашқы шешімім. Қазір 2-курста білім алып жатырмын. Осы уақыт ішінде студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын  көріп үлгердім десем, қателеспеймін. Үйден алғаш жыраққа кету ата-ана үшін де, бала үшін де қиын. Әу баста үлкен қалаға үйренісуім, әке-шешемнен бөлек тұру қиынға соққаны рас. Бүгінде Алматы сүйікті қалама айналды. Жастардың қаласы. Алматыдағы сүйікті жерлерімнің бірі – М.Горький атындағы орталық саябақ. Саябақта серуендеу жаныма демалыс сыйлап, тынықтырады.

Мамандығымды жүрек қалауымен таңдағандықтан, оқу қиын деп айта алмаймын. Мен үшін әр сабақ қызық. Еліміздегі жетекші оқу орындарында білім алу мамандығыма деген қызығушылығымды арттырады. Университетімде сабақ беретін ұстаздар, профессорлар – өз ісіне берілген мамандар. Әлемнің дамыған елдерінде білім алып, халықаралық тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Студенттік өмірімнің Алматыда өтіп жатқанына қуаныштымын. Дипломымды қолға алғаннан кейін қазіргі қызметтегі журналистер сияқты  білікті маман болғым келеді. Мектеп бітіруші түлектерге мамандықты өз қалауларыңыз бойынша таңдауға кеңес беремін. Жүрекпен таңдаған мамандық бойынша білім алу шабыт сыйлайтын болады. Биылғы түлектерге алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, студент қатарына қосылуды тілеймін.

 

Аиша АЛДАЯР,  Тұран университетінің студенті, Алматы қаласы.