Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры Баянауыл ауданына алғаш рет гастрольдік сапармен келді. Екікүндік сапар барысында өнер ұжымы көрермендер назарына Дулат Исабековтің «Гаухартас», «Абай-Тоғжан» және «Шәмші» спектаклін ұсынды.

Аталған театрдың директоры Асхат Маемировтың айтуынша, жастар театры «Астанадан Баяна-
уылға сәлем» деп аталатын гастрольдік сапар барысында баянауылдық көрермендерге өздерінің шығармашылық әлеует-
терін көрсету және осы қойылымдар арқылы өскелең ұрпаққа эстетикалық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында келген.

— Биыл осы өлкеде дүниеге келіп, еліміздің рухани кеңістігінде шоқ жұлдыздай жарқыраған көрнекті ұлы тұлғаларымыз Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, Әлкей Марғұланның 120 жылдығы және Шәкен Аймановтың 100 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде. Бізде бұл мерейтойлардан кенде қалмай, тұлғалардың рухына тағзым ету мақсатында Баянауыл ауданына алғаш рет гастрольмен келдік. Өнер сапарының өткізілуіне ұйтқы болған Павлодар облысының әкімдігіне және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Рымтайұлы Ізбастинге алғысымыз зор, — деп атап өтті А.Маемиров.

Сапардың алғашқы күнінде Дулат Исабековтің «Гаухартас» қойылымы сахналанса, келесі күні «Абай-Тоғжан» және «Шәмші» спектакльдері баянауылдық көрермендерге жол тартты.

Жоғарыда аталған қойылым-дардың бірі — «Шәмші» мюзиклінде белгілі тұлғаның күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырлары сахнаға шығарылады. Онымен қоса, шығармашылық иесі өмір жолында кезіккен қиындықтарды қалай қарсы алды, адам мен қоғамға деген қандай философиямен қарады, ішкі дүниесінде толқыған сезім иірімдерін, ғашықтық сырларын қалай бағындырды, осылардың барлығынан сүзіліп шығып, бұлқынып, сілкініп туған әуезді әндерді қалай дүниеге әкелді, міне, қойылымның көрерменге берер басты құндылығы осы болды.

Спектакль барысында орындалған Шәмші әндерінің әрқайсысы — автордың бір-бір ойы, өмірінде орын алған әр-алуан оқиғасы. Әнге айналған тұлғаның әсерлі әлемі көрерменнің көңілін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын қозғап, ақыл-парасатпен апталған адамгершілік сынды асыл қасиеттерін оята білді.

Қойылым белгілі тұлғаның күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырларын көрсетті. Нақтырақ айтқанда, күрескер Шәмшінің рөлін Ернар Мұхамбет, композитор Шәмшінің рөлін Азамат Болатов, ғашық Шәмшінің рөлін Аймахан Ермахан сомдады. Үш актер сахна алдында композитордың өмір жолында кезіккен қиындықтарын, адам мен қоғамға деген философиясын, ішкі жан дүниесіндегі толқыған сезім иірімдерін, ғашықтық сырларын әуезді әндер арқылы көрермендерге жеткізе білді. Сонымен қатар, жиналған қауым мюзиклде Ақан сері Қорамсаұлы, Мұқағали Мақатаев, Роза Бағланова, Әбілахат Еспаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, сынды тұлғалардың бейнелерін кездестіріп, олар Шәмшінің өнерін қалай қолдап, шыңдала түсуіне қандай септігін тигізгендеріне куә болды.

Спектакль барысында ұлы композитордың 15-ке жуық әні орындалды. «Жан аға», «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Өмір өзен», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақ маңдайлым», «Сыған әні», «Ақан сері», «Ана туралы жыр», т.б. әндері көрер-меннің көңілін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын оята түсті.

Музыкалық жас көрермен театры баянауылдық көрермен-дерді «Шәмші» мюзиклі арқылы өнер жолына қызығушылықпен қарайтын дарынды жасөспірімдер мен балалардың қиялын қозғап, оларды өнерге қызықтырып, қанаттандырды. Қойылымды тамашалаған жас көрермен Шәмшіге қарап, оның шығарма-шылығына зер салып, күрделі өмір жолындағы киелі өнердің бағасы адамзат ғұмырын арнауға тұратындай құдіретті де таза екендігіне көз жеткізді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА,

Суретті түсірген – Константин Шелков.