Биыл Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылының тумасы, ақын Қимадиден Нығымановтың туғанына — 100 жыл. Ақын біткен Алматыда топталып жүрсе, Қимаш ақын өзінің туған ауылында қарапайым еңбек иесі бола жүріп, әдебиеттің қайнар бұлағынан сусындап, келешекке өлмес туындыларын мирас қылып қалдырған.

Мәліметке сүйенсек, Қ.Нығы-
манов 1924 жылы 11 қаңтар күнi Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Жаңабет ауылында (бұрынғы Қотантерек қыстауында)дүниеге келген. Әкесі Нығыман ұста болған. Шиыршық диірмен жасап, кәсіп еткен, өлең жыр айтатын қабілеті бар адам екен. Ол ақын, әнші-сазгер Естай Беркімбаев, белгілі айтыс ақыны Құдайберген Әлсейітов сияқты өнер адамдарымен замандас, сырлас және тағдырлас болған.

Қимаштың анасы Рабиға да әнші, той-жиынның гүлі болыпты. Ол туғанда Әлсейіттің Құдайбергені шілдехананың үстінен түсіп, «Менің әйгілі ұстазым Қимадидендей ақын болсын», — деген ниетпен нәрестенің атын өлеңдетіп өзі қойыпты.

Қимадиден сегіз жасқа келгенде балалар үйіне оқуға барады. Кейін Павлодардағы он жылдық мектепке келіп, оқуын жалғастырған. Ақын он төрт жасынан өлең жаза бастады. 1939 жылы осы мектепте оқып жүргенде алғаш рет «Өткір алмас» деген төрт шумақтан құралған өлеңі басылады.

Қимадиден Нығыманұлы: «1940 жылы бір күні құрбы-құрдастарымен әңгімелесіп отырғанымда, Иса ақын Семейден жолшыбай біздің ауылға, менің туған ағам Жәлелиденнің үйіне келіп түскені туралы қуанышты хабар жеткізді. Ауыл балалары «Иса келді, Иса келді» — деп сүйіншілеп жүгірген деп еске алады.

Ауылдастары әдеттегідей бала-шағаларымен Жәкеңнің үйіне жиналды. Иса ақын әнге сусаған жұрттың мейірін қандырып, шарықтатып ән салады. Ауыл адамдары Қимадиденді Исаның алдына әкеліп, ән, жыр, қисса айтқызады. Сол шағында да Қимаш өз жанынан өлең-жыр жазып, ақындыққа бой ұрған-ды. Өз жанынан шығарған бірнеше өлеңдерін  дүлдүл ақын Исаның алдында Қимаш қысылып, қымтырылмай ерекше бір үн, ырғақпен шабыттана оқып береді. Өлеңдеріне риза болған Иса ақын домбырасын қолына алып, өлеңмен бата береді. Қимадиден сол жылы Иса Байзақовтың бірнеше желдірмесі мен «Құралай сұлу» поэмасын өз аузынан естіп, жаттап алып, кейін орындап жүрген.

Қимадиден 1941 жылы ауылдастарымен бірге майданға аттанады. Ақын жігіт күндіз қару ұстап, кешке домбыра шертіп, жорық жолдарын жырлайды. Шығарған өлең, туындылары Қиыр Шығыс әскери округының «Сталинградтық жауынгер» деген майдандық газетте жария-ланады.

Ақынның өлеңдерін оқығанда оның халықшыл екенін көруге болады. «Алпыс батыр», «Мақаштың ерлігі», «Барлаушы Семей», «Сержант Сембай» дастандары майдан өмірін бейнеледі.

Ақын өлеңдерінде сол кездің ауылы, адамдардың қилы-қилы тағдырлары орын алады. Оның «Еділ құрбаны» балладасы, «Дарқан дала», «Дала шұғыласы», «Алпыс батыр» поэмасы оқырман қауымға кеңінен танылып, ыстық ықыласқа бөленген.

Қимадиден ақын соғыстан аман-есен елге оралады. Туған колхозында құрылыс бригадирі, электромонтер болып жұмыс істейді. Тың игеру басталған жылдары «Тыңдағы ту» поэмасын жазып, ақындығы таныла бастайды. Қимадиден Нығыманов — үш жинақтың авторы. Алғашқы 1969 жылғы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасы шығарған жинағына «Алпыс батыр» поэмасы енгізілді. 1975 жылы «Дала шұғыласы» атты жинағы жарық көрді. Замандастарының келбеті өрнектелген 1982 жылы шыққан жинағын «Соқпақ жол» деп атапты.

Ауылда жүріп-ақ өмірдің қайнаған, жайнаған шақтарынан қалыс қалмай, өлең жыр шығарып, ақындар айтысына қатысып, замандастары арасында қадір-қасиеті өседі. Қимадиден Естай Беркімбаевтың туғанына 100 жыл, Абайдың туғанына 125 жыл, Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толу мерейтойларына қатысып, республиканың айтыскер ақындарымен өнер сайысына түсіп, жүлделі орындарға ие болады. Елжұртының өсу өрлеуін бағдарлап, Исаша суырып-салма жыр, желдірмелер айтып жүреді. Ол өз өңіріндегі өнерде Иса дәстүрін дамытушы болды. Қимадиден ақын халқымыздың эпостық жырларын қаз-қалпында жырлап беретін жырау еді. Ел тәуелсіздігінің арқасында оның «Естай», «Мақаш», «Тыңдағы отау» атты поэмалары және «Сел» атты кітабы жарық көрді.

Қимадиденді өнер жолындағы жерлестері ұмытқан жоқ. Оның өмірі мен қызметін мәңгілік есте қалдыру мақсатында жерлестері «Жаңабет» ауылындағы орта мектепті Қимадиденнің есімімен атауды ұйғарды. Осы мектепте ақын Қимадиденнің мұражайы ашылды.

Өз тілшіміз.