Қазақ халқының салт-дәстүрі өзге халықтардың ғұрыптарынан ерекше. Алайда арасында бүгінге дейін ұмыт болып бара жатқандар да жетерлік. Дегенмен, көңіл қуантарлығы — сол үрдістерді қайта жандандырып жүрген қоғамдық бірлестіктердің саны уақыт өткен сайын артып келеді. Сондай игі істің бастамасын көтеріп жүрген қоғамдық бірлестіктердің бірі — «Қазақ аналары — дәстүрге жол» жобасы. Жақында бірлестіктің негізін қалаушы, әнші, актриса, продюсер Айнұр Жүгінісовамен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Қазіргі қоғамда кимешек кию үрдісі қалыс қалып жатыр. Ал сіз осындай үрдісті қолға алыпсыз. Жалпы, кимешек киюге не себеп болды?
— Негізі, театрда жұмыс істеп жүрген кезімде қыздармен әңгіме айтып отырып, оларға «Алла бұйырып әже болып
жатсам, мен заманға сай қылып кимешек киемін» деп уәде бергенмін. Бірақ заманға сай қалпымызды бірден өзгертіп, осылай
киіну оңай болған жоқ. Үйде орамал тартып, өз-өзімді іштей дайындадым. Екі қыз немерем өмірге келгенде бұл образға
көшемін деген едім, бұйырмады. Әр нәрсенің өз уақыты бар дегендей. Баланы бөліп-жармаймыз ғой, Алланың бергеніне мәз
болып жатырмыз. Бірақ Осман немереміз дүниеге келгенде әже болуға кәдімгідей басқаша бір дайын болдым-ау деймін.
Кимешекті қалай киіп алғанымды байқамай қалдым. Қайта өзімнің кигеніме өзім мақтанып, ерекше сезімде болдым. Қазір
сыртқа шыққанда шешіп шыға алмаймын. Кимесем бірдеңе жетіспей тұрғандай болады. Осының өзіне талай жыл керек
болды. Дегенмен, айтқанымды орындадым.
— Өзіңіз әртіссіз, әншісіз. Бірақ көпшілік сізді ұлдарыңыз Рүстем мен Мирастың анасы ретінде таниды. Біраз уақыт олардың продюсері де болып, қалың көрермен алдына шығуға ықпал еттіңіз. Осы туралы тарқатып айтсаңыз…
— Иә, актрисадан гөрі халыққа продюсер және төрт баланың анасы ретінде танылдым. Шыны керек, өз мамандығыма
100 пайыз жанымды салып, еңбек еттім деп айта алмаймын. Менің ойым әрқашан отбасым, бала-шағамды тәрбиелеу,
отағасының көңілін табу болды. Қазақша айтқанда, «Жүгінісовтер отбасының отымен кіріп, күлімен шығу». Баланы дүниеге
әкелу, тума-туыстың басын қосу, қонақ күту, күйеуін күтіп алып, шығарып салу да әйел адамның миссияларының бірі ғой.
Театрдағы жұмысымды да жауапкершілікпен атқаруға тырыс-тым. Спектакль ойнаған соң тез үйге қайтуға, бала-шағама
жетуге асығып тұратынмын. Актриса болу әйелдің міндетіне жатпайтын шығар, бірақ жар болу, ана болу – оның басты
миссиясы. Сондықтан да 2017 жылы театрдан кеттім. Ойлаған арманымыз, қойған мақсатымыз – дұрыс ұрпақ өсіріп, халыққа
қызмет ете алатын ұл-қыз тәрбиелеу. Соны орындай алсақ, менен бақытты адам жоқ.
— Өзіңіздің бастамаңызбен құрылған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің ашылғанына екі жылға жуық уақыт болыпты. Басшы ретінде бірлестіктің жұмысына тоқталсаңыз…
— Бірлестік қазақ аналарына отбасы, бала тәрбиесінде тілімізді, ділімізді, ұстанған дінімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-
ғұрпымыздың озығын насихаттап, үйрету, тәлім-тәрбиенің өзегі ету мақсатында құрылды. Атауы тектен-тек осылай
аталмады. Бұл бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен аналардың өнегесін келешек жастарға үлгі ету, қазақ
анасы деген атқа заты сай болу мақсатында қойылды. Бұл жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдап,
бастаған ісімізге береке тіледі. Бүгінде республика бойынша біздің жұмысымызды 20 мың ана қолдады және еліміздің әр
өңірінде 160-қа жуық филиал ашылды.
Ел қай кезде түзеледі? Ел отбасында береке, тәртіп болғанда ғана түзеледі. Тәртіп-тәрбиесіз білім де, байлық та құнсыз!
Сол себепті, дәстүрімізді лайықты түрде насихаттап, барлық қазақ аналарын сауатты түрде отбасы өмірін гүлдендіруге
бағыттап, тек жақсы, тәрбиелік мәні бар сөз айтайық. Саясатпен ерлеріміз айналыссын, біз отбасымызды тәрбиелейік!
Саясат тұрғысынан да, білім жағынан да сауатсыз жастар отбасында дұрыс тәрбиеленбегендіктен шығып жатыр. Отан
отбасынан басталады! Алдымен отбасында ұрпақ-тарымызға елге, жерге, халыққа, адамға, ата-ана, бауырға, көршіге деген
сүйіспеншілік, мейірім, қайы-рымдылықты жүректеріне егіп, жақсылыққа үйретсек, әдепті, білімді үйретсек, асуды
алғанымыз! Қазақы киініп, басымызды, етек-жеңімізді жауып, қыздарымызға өнеге көрсетейік!
— Сіздің ойыңызша, ана қандай болуы тиіс?
— Ананың міндеті – руханилық пен адамгершіліктің негізін салу. Ол адамгершілікпен әрекет етсе, балалары да соны
жасамақ. Тәрбиенің негізі «Ананың әлдиінен» бастау алады. Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді. Сәбиді тәрбиелеуде оның
орнын ешкім де алмастыра алмайтынын ұмытпау керек.
Бала өмірінің алғашқы бес жылында міндетті түрде анасымен болуы керек. Ана өзінің міндетін өзгелерге, яғни ата-
әжесіне, күтушіге, балабақшаға аудара салмауы тиіс. Ерте жастан балабақшаға барған балалар анасы ғана бере алатын
мейірімнен, жылылықтан, ізгіліктен, сүйіспеншіліктен кенде қалады. Өкінішке қарай, көптеген бала ана махаббатының не
екенін білмейді. Риясыз сүю — ананың табиғатынан берілген қасиет. Отбасы ана үшін нағыз қасиетті орын болуы тиіс.
— Қазіргі қазақ әйелі қандай болуы тиіс? Бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет?
— Әйел адам отбасының шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу түтетіп, жарының көңілінен шығып, балаларына үлгілі ана
болса, неге қоғамдық жұмыстарға араласпасқа? Қазақ қашан да үлгісіз ұлт болған емес. Қазіргі таңда да көптеген қазақ
әйелі сол ұлағатты үрдісті үздіксіз жалғастырып келеді. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болудың өзі — жоғары мәртебе. Ұлт
болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар.
Әйел адамдардың белсенділігі төмен, тіпті жоққа тән елдерге қарап отырып, шынында да әйел қолы отбасына ғана емес,
қоғамға да қажет екенін еріксіз сезінесің. Біздің елде әрбір азаматтың орны бөлек. Әйелдердің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі
әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыруына қоғамда да мұқтаждық бар. Тағы бір ескерер жайт, қоғам өмірінде әйелдер ғана
қозғай алатын бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын мәселелер болады. Бұл, әсіресе ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге
байқала бермейтін көптеген қиындыққа тікелей қатысты. Осындай мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-
аналардың орны ерекше.
— Тәрбиелік мәні зор әңгіме-ңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.