Павлодарда «Буковина» румын-молдова этно-мәдени бірлестігінің 10 жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараға Румынияның Қазақстандағы елшісі Мэдэлина Лупу қатысты.

Мэдэлина Лупу барлық этнос өкілдерін аталмыш мерекемен құттықтады.

– Ұлтымыздың өз тілін және румын дәстүрлерін сақтауға мүмкіндік бергені үшін Қазақстанға көп рахмет! Қазақстан Румынияның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Мәдениетімізді сақтай отыра, одан әрі насихаттай алатынымызға қуаныштымын. Этносаралық және дінаралық келісім саясаты – қазақ мемлекетінің орасан зор жетістігі және бүкіл әлемде құрметке ие, — деді М.Лупу.

«Буковина» румын-молдова этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Аурика Дяктың айтуынша, олар шарада 10 жыл бойы істеген істерін барынша көрсетуге тырысқан.

— Біздің балаларымыз ұлттық жаңғыру мектебінде оқиды. Онда олар тарихты, сахналық сөйлеуді, хореографияны, вокал бағыттары бойынша дәріс алады. 10 жылдықты мерекелік бағдарламамен қорытындыладық. Көрермендерге жеткізе алдық деген ойдамыз, — деді А.Дяк.

Мерекенің концерттік бағдарламасынан бөлек, ұйымдастырушылар гастрономиялық-ұлттық пісірілген өнімдер түрінде – ірімшікпен, картоппен, қырыққабатпен, саңырауқұлақтармен, соның ішінде Румыния елшілігі дайындаған пленчинталар дайындады.

Көрермендер концертті тамашалап, әуенмен билеп, естелікке суретке түсті.

Өз тілшіміз.